«Самғау» балалар шығармашылығы орталығында үшінші жыл қатарынан дәстүрлі «Аяз Атаға хат» қайырымдылық акциясы өтті. Игі шара көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларға арналған мерекелік қуанышқа ұласты.
Акция Екібастұз қалалық мәслихат депутаттары Жетпісбай Жакупов, Денис Черкашин және Лейла Қасыманованың бастамасымен, қалалық білім бөлімінің және қала меценаттарының қолдауымен ұйымдастырылды. Биыл Аяз Атаға хат жазған 130 баланың арман-тілегі орындалып, оларға жаңажылдық сыйлықтар табысталды.
Мерекелік шараға жиналған ата-аналар мен балалар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Жаңажылдық кештің басты кейіпкерлері — Аяз Ата мен Ақшақар бүлдіршіндерді ән айтып, би билеуге шақырып, қызықты ойындар ұйымдастырды. Сондай-ақ, ескі жылмен қоштасып, жаңа жылды қарсы алуға арналған сахналық қойылымдар көпшілік назарына ұсынылды.
Шарада мәслихат депутаты Жетпісбай Жакупов балаларға ізгі тілегін білдіріп, Аяз Атаға жазған хаттарында көрсетілген сыйлықтарды табыстады. Бүлдіршіндерге ойыншықтар, киім-кешек, аяқ киім, кітаптар, спорттық жабдықтар мен тәттілер үлестірілді.
– Осындай игі бастамалар арқылы біз бүлдіршіндердің жүрегіне мейірім мен қамқорлық, жақсылық пен үміт ұялата аламыз. Бүгінгі қуаныш олардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз, — деді қалалық білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.
Өз кезегінде мәслихат депутаты Лейла Қасыманова балалардың қуанышын бөлісіп, жаңа жылға ізгі тілегін жеткізді.
— Кішкентай жерлестеріміздің арманын орындауға үлес қосу — біз үшін зор мәртебе. Жаңа жыл әр шаңыраққа береке мен бақыт әкелсін, ал балалар ғажайыпқа деген сенімін ешқашан жоғалтпасын, — деді ол.
Мерекелік кеш соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Ділназ Серікбай







