Қала әкімінің №№17, 18, 19, 20, 21, 22, 23 шағынаудан тұрғындарымен өткен есеп беру кездесуіне келген тұрғындар қарасы селдір болды.
Энергетиктер көшесі, 67-үй тұрғыны – Рауан атты азамат балалар алаңшасындағы әткеншектер мен шағын формалардың қирап біткенін және осы мекенжайдан Әуезов көшесі, 157-үйге дейінгі аралықта жауынды-шашынды күндері жүріп-тұру қиын екенін айтты. «Балаларымыздың мектепке қатынуы қиындап кетеді, аялдамаға дейінгі жолды су басады», – дейді ол. Ол, сонымен қатар, көшеде жарық шамдарының жеткіліксіздігін тілге тиек етті. Қала әкімі Аян Бейсекин балалар алаңшасы жаңадан салынбайтынын, тек алдағы бір-екі жыл ішінде ескі алаңды қалпына келтіру қарастырылатынын айтты. Ал су басатын жерлерді жауапты мамандар аралап көретін болып келісілді.
Королев көшесі, 86-үйдің тұрғындары 19, 20-шағынаудандарда қоқыстың жиналмайтынына шағымданды.
– Мәметова көшесінен «Гринвич» дүкеніне дейінгі аралық тілмен жалағандай таза. Ал біздің шағынауданда үйлердің маңы қоқысқа толы, – дей келе, Мухоровский атты зейнеткер бұрынғы 3-ші АТС (автоматты телефон станциясы) қаңғыбастардың мекеніне айналғанын атап өтті. Бұл үйдің тағы бір тұрғыны есік алдындағы қардың қалыңдығына наразылық білдірді. Әкім есік алдындағы қарды тазалауға тазалық ұйымдарының міндетті еместігін жеткізді. Ал АТС ғимаратын коммуналдық меншікке алу жайы қарастырылатын болады. Жалпы, бұл үйде таяуда кондоминиум нысаны ауысқан көрінеді. Тұрғындар ұйымның өздерімен келісімшарт жасаспағанына да ренішті. Тұрғын үй инспекциясының басшысы Әлібек Байділдин үй «ДомКомХоз» қарамағына өткенін, алдағы күндері тұрғындармен кездесу ұйымдастырылатынын айтты.
Кездесуде тұрғындар өздері тұратын аумақтағы қоқыс пен қар тазалығына жауапты «Диас-Дар» ЖШС-іне ризашылық білдірді.
Ж.ӘБДІКӘРІМ






