Шідерті кентінің «Юбилейный» мәдениет үйінде өткен есептік жиынға да халық жайма-шуақ көңіл күймен жиналды. Алғашқы болып сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Бейсенов сөзін алғыс айтумен бастады.
– 2024 жылы кентте жылу құбырлары жаңаланды. Балабақшада күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи кейіпке енді. Биылғы жылы көрікті саябақ жасалды. Қысқасы, тұрғындардың тілегі орындалып жатыр. Біздің өтініштерімізге құлақ асқан облыс, қала басшылығына дән ризамыз, – деген Серік қария сөзінің соңында кент әкіміне жаңа қызметтік көлік берілуін өтінді.
Көлік мәселесі алдағы жылы ыңғайына қарай қарастырылатынын айтқан қала әкімі кенттегі игі істер әлі де жалғасатынын тілге тиек етті.
Бибігүл есімді кент тұрғыны мектептегі оқушы жиһаздарының тозып тұрғанын айтып, жаңалауды өтінді. Аталмыш мәселеге қатысты білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова:
– Шідерті орта мектебіне 2027 жылы күрделі жөндеу жүргізіледі. Сол уақытта жиһаздар түгелдей жаңаланады, – деп жауап берді.
Гүлжан есімді тұрғын: «Азық-түлік бағасына бақылау бола ма?» – деп сұраған еді, қала әкімі Аян Бейсекин: «Әлеуметтік мәндегі азық-түлік түрлерінің бағасына кәсіпкерлік бөлім бақылау жүргізіп отыр. Сатушылар үстемені 15 пайыздан асырса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді. Әйтсе де кәсіпкерлік бөлім басшысы Медет Шоқанға бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Темірлан» шаруа қожалығының басшысы Аманкелді атты азамат шаруадан сатып алынған малды тіркеуге қоюда қиындыққа тап болғанына шағынды. Бұл мәселені оңтайландыру ветеринарлық бөлім басшысы Арман Тәуірбаев пен қала әкімінің кеңесшісі Сансызбай Төлеубаевқа жүктелді.
Есептік кездесуде кент көшелерін асфальттау мәселесі де қозғалды.
– 2026 жылы көшелерді асфальттау жоспарда жоқ. Десек те біраз жолдарға шағыл тас төсеп, тегістеу жағын қарастырамыз. Кенттің архитектуралық келбетін көріктендіру бойынша тағы бірқатар жоба жүзеге асырылады. Ал тұрғындар санитарлық тазалыққа мән берулері тиіс, – деп қорытындылады әңгімені қала басшысы Аян Бейсекин.
Ж.Сәдуақас






