Екібастұз өңірі ауылдарында соңғы екі-үш жыл ішінде оң өзгерістер жүзеге асырылды. Сондықтан шығар, Әлкей Марғұлан, Шиқылдақ және Бозшакөл елді мекендеріндегі қала әкімінің есеп беру кездесулерінде тұрғындар тарапынан сұрақ аз болды.
Әлкей Марғұлан ауылы клубындағы байсалды әңгіме қазыналы қария Захар Ильинннің диқандар жайлы өлеңін оқуымен басталды. Тақырыпты жалғастырған қала басшысы Аян Бейсекин диқан еңбегін қадірлеу туралы сөз қозғап, өңірде 3 жыл ішінде суармалы алқаптар көлемі 3500 гектарға ұлғайтылғанын айтты. Қарт Ертістің суын егістікке пайдалану тиімді болғандықтан, алдағы жылдары суармалы алқаптар көлемі тағы көбейтіледі.
Көзі қарақты, көкірегі ояу қария Захар Ильин пошта жұмысының көңілден шықпайтынына налыды.
– Былтырғы жылы кәсіпкерлердің көмегімен ардагерлер кеңесі атынан белсенді ауыл тұрғындарына 11 дана газет жаздыртып едік, пошта қызметі сол газеттерді уақытылы жеткізбей ығыр етті. Келесі жылы жағдай қалай болар екен? – деді қария.
Өкінішке қарай, мәселенің оң шешімін табуы екіталай. Қала әкімі Аян Уахитұлы «Қазпошта» АҚ-ның облыстағы басшылығына қатынас хат жазылғанымен, одан ештеңе өнбегенін айтты. Тұйықтан шығудың амалы – мерзімді баспасөз басылымдарын өз беттерінше жеткізуді ұйымдастыру. «Қалаға қызмет бабымен барғанда газеттерді өзім әкеліп жүрмін», – деді осы орайда ауыл әкімі Бауыржан Бозтаев.
«Саржайлау» шаруа қожалығының басшысы Жанат Ибраев өзекті мәселе көтерді. Әлкей Марғұлан ауылында бос тұрған немесе сатуға қойылған үй көп екен.
– Оңтүстік өңірлерден қоныстануға келетін отбасылар үшін жаңадан үй салу қымбатқа түседі емес пе. Ендеше, сол бос үйлерді жөндеп, баспанаға жарату жөн тәрізді. Бұл бюджетке арзанға түсер еді, – деді Жанат Ибраев.
Оның аталмыш ұсынысын қала басшысы қолдап, алдағы уақытта мәселе жан-жақты талқыланып, шешім қабылданатынын айтты.
Шиқылдақ ауылында болған есептік кездесуге біршама адам жиналғанымен, ешкім ешқандай мәселе көтерген жоқ. Бозшакөл станциясында да дәл осындай жағдай қайталанды. Әйтеуір үнсіздікті Бекболат Шөлкебаев бұзып, «Мұнда бәрі жақсы. Жылу да, су да, жұмыс та бар. Бұған дейін айтылған өтініштерді билік орындады, сол үшін рахмет, – деп жылы лебізін білдірді.
Айтпақшы, екі жыл бұрын Бозшакөлдің орталық қазандығы үйлерді жылыта алмай, тұрғындар тарапынан арыз-шағым көп болған еді. Атқарушы билік проблемаға назар аударып, қала қазынасынан қаржы бөліп, котельный мен жылу құбырлары торабында жөндеу жүргізіліп, жылу беру міндеті сенімгерлік басқарушы Расул Сагидолдиновқа жүктелген-ді. Енді, міне, тұрғындар разы болып отыр.
Түйіндей айтқанда, елді мекендердегі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелер өз кезегімен шешімін тапқан сайын тұрғындардың да көңілдері жай.
Ж.Жәлелұлы






