Теміржол ауылдық округінің орталығы – Құлакөл ауылында сонау 2005 жылы «Қазақстан темір жолы» АҚ салған қос пәтерлі үйлер бар. Сол үйлерді теміржолшылар жалға алып, қоныстанып отыр. Енді олар үйлерді жекешелендіріп алуды қалайды. Құлакөл ауылы клубында болған қала әкімінің есептік кездесуі осы мәселеден басталды.
Абырой болғанда, аталмыш мәселеден теміржол басшылары құлағдар екен. Қала әкімі де атқарушы билік тарапынан қатынас хат жазылып, қолдау көрсетілетінін айтты.
Құлакөл ауылының сыртында, яғни, теміржолдың арғы жағында №3 бөлімше бар. Сол ауыл тұрғындары атынан сөз алған Майқайың мектебінің мұғалімі Мұсабекова:
– Біздің ауылдан 17 оқушы мектепке автобуспен қатынап оқиды. Қар жауып, боран соққанда жол мезгілінде тазаланбайды. Содан оқушылар да, мұғалімдер де соқпақ жолмен теміржолды кесіп өтіп, жаяу-жалпылап жетуге мәжбүрміз, – деп арызданды.
Аталмыш мәселеге қатысты орнынан тұрғызылған мердігер Әбдрахманов жолдың қардан тазартылатынын айтып еді, оның жауап сөзі қала басшысын қанағаттандырмады.
– Қала қазынасынан жеткілікті мөлшерде қаржы бөлініп отыр емес пе. Мойынға алған жұмысты дұрыс атқара алмасаңыз, әңгіме басқаша болады, – деді Аян Уахитұлы.
Негізі Құлакөл мен №3 бөлімше аралығындағы жолдың қашықтығы 4 километр екен. Сол жолға шағыл тас төсеу мүмкіндігі де алдағы жылы қарастырылмақшы. Сонымен бірге, 2026 жылы Құлакөл ауылының бірнеше көшесі асфальтталады.
Құлакөл тұрғыны Ардақ Сейсембаев спорт кешені салынса деген тілегін жеткізді.
– Биылғы жылы Бәйет пен Қоянды ауылдарында денешынықтыру кешендерінің құрылысы қолға алынды. Әйтсе де алдағы уақытта ондай кешендерден бас тартып, ауылдарда әмбебап кешендер салуды ойластырудамыз. Бұл үшін біраз уақыт қажет. Екі-үш жыл ішінде іске асырылатын жобалар болмақшы, – деді қала басшысы.
Есептік кездесуде мектеп іші салқын деген әңгіме айтылып еді, анықтай келгенде олай болмай шықты. Десек те мектептің ағаш терезелерін пластик терезелерге ауыстыру қажет. Білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпованың айтуынша, күрделі жөндеу 2027 жылға жоспарланыпты. Ал мектеп автобусын қоятын гараж салу мәселесі әлі де тиянақтауды қажет етеді. Ол үшін қанша қаржы қажет екені есептеліп, шешім содан соң қабылданады.
Есептік кездесуде көтерілген өзге де мәселелерді атқарушы билік қаперге алды.
Ж.Бұланбай






