Сарықамыс пен Қуандық ауылдарының тұрғындары 18 желтоқсан күні қала әкімінің есеп беру кездесуіне қатысып, елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін сөз етті.
Бірнеше жыл бұрын Сарықамыста орталықтандырылған ауыз су құбыры іске қосылған болатын. Өкінішке қарай, құбырдағы ауыз су кермектеніп, жұрт суды КБМ құрылғысынан тұтынуға көшіпті. СЭС-қа жіберілген сынама да су құрамында хлордың мөлшерден екі есеге жуық көп екенін көрсетіпті. Мәселенің анық-қанығын тыңдап білген қала әкімі Аян Бейсекин ауыл әкімі Салауат Халиханұлына тағы да сынама алып, тексертуді жүктеп, аппарат басшысы Жандарбек Ботабекұлына проблеманы бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен бірге, Сарықамыстағы КБМ құрылғысын іргедегі 5-6 үйлі Суыққұдықтағы қыстауға көшіру жайы да қаралды.
Сарықамыс ауылының тұрғыны Самал Майлыбаева елді мекендердің көше жолдарын асфальттау мәселесін айтып еді, қала басшысы алдағы жылы ол үшін қаржы бөлінбегенін, 2028-2029 жылдар жоспарына енгізілетінін тілге тиек етті.
Ауыл халқының күнкөріс көзі төрт түлік екені белгілі. Жазғытұры канал бойымен жіберілген су лимандарға өте шығып, су арнасының табаны жаз ішінде құрғап қалады екен. Сөйтіп мал судан тарығып, шаруалардан маза кетеді. Осы жайтты айта келе, ауыл тұрғындары: «Суды бөгеп қалатын тоған жасауға бола ма?» – деген ұсыныс айтты.
– Гидротехникалық құрылғылардан суды бұру үшін «Қазсушар» кәсіпорнының рұқсаты қажет. Мұндай рұқсат берілуі екіталай. Бәлкім, ұңғыма қазған жөн болар. Оған жұмсалатын қаражаттың біраз бөлігін мемлекет қайтарады. Осы жағын қарастырып көру керек, – деген қала әкімі Аян Уахитұлы жауапты тұлғаларға есеп-қисап жасап көруді тапсырды.
Екібастұз қаласынан мал өсіру үшін Қуандық ауылына көшіп келген Ғарифолла атты азамат электр трансформаторының қуаты жеткіліксіз екеніне, дәнекерлеу аппаратымен жұмыс істегенде жарықтың өшіп қалатынына шағынды. Алайда электр желілеріне жауапты кәсіпорын өкілінің айтуынша, трансформатор қуаты жеткілікті көрінеді. Тек қолдан құрастырылған дәнекерлеу аппаратын пайдалануға болмайды екен. Әйтсе де мәселені тағы бір мәрте пысықтап, тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізу тапсырылды.
Есептік кездесуде тағы бірқатар мәселе айтылып, жиын аяқталар тұста ауыл қариясы Қуанхан Бақыт соңғы жылдары жүзеге асырылған игі істер үшін қала басшысы Аян Бейсекинге, сонымен бірге, сарықамыстықтардың хал-жағдайын біліп, көмек қолын созып жүрген қалалық мәслихат депутаты Манат Алғамбаровқа ризашылық білдірді.
Ж.Жәлелұлы






