«Мақпал» мәдениет үйінде болған қала әкімінің есептік кездесуіне едәуір адам жиналды. Әрі олар белсенділік танытып, көптеген мәселені көтерді. Алғашқы болып сөз алған Бахтияр Мырзағалиев алдағы жылы кенттің 40 жылдығы екенін айта келе, сөзді сол мерейтойға әзірлікке ойыстырды.
– Екібастұз қаласы мен Солнечный кенті аралығында жаңа кәсіпорындар іске қосылып жатыр. Ендігі уақытта экологияны жақсарту жағы да ескеріліп, жол қапталына жасыл белдік жасалса жөн болар еді, – деді ол бастамашы топ атынан.
Бірден айта кетейік, атқарушы билік бұл орайда қол қусырып отырған жоқ. Биыл күз «Самұрық Энерго» 150 миллион теңге қаржы бөліп, МАЭС-1 станциясы төңірегіне қылқан жапырақты ағаштар отырғызылғанынан оқырман хабардар. Жалпы, жасыл белдік мәселесі жөнінде қала басшысы МАЭС-1, МАЭС-2 станциялары басшыларымен әңгіме жүргізіп, ортақ келісімге келген екен. Айтпақшы, күзде егілген жас шыбықтардың жерсінуі мен күтімін әлгі кәсіпорындар өз жауапкершілігіне алыпты. Ал жол қапталына ағаш отырғызу алдағы жылы ескеріледі.
Жалпы, қала әкімі өз сөзінде Солнечный кентінің келешегі зор екенін, МАЭС-2 станциясында жаңа энергоблок, сонымен бірге, МАЭС-3 станциясы құрылысы басталатынын, сол кезде 5 мыңдай уақытша жұмыс орны ашылатынын тілге тиек етіп, кенттің инфрақұрылымын дамытуға 2026 жылға арналған қала бюджетінен қыруар қаржы бөлінгенін айтты.
Кент тұрғыны Черепанова көптің көкейіндегі мәселені тап басып, жағажайға жеткізетін жолдың ойқы-шойқы болуынан жұрттың машақат көріп жүргеніне налыды. Жолдың нашар екенін білетін қала әкімі алдағы жылы оған шағыл тас төсеу мүмкіндігі қарастырылатынын айтты.
«Оңтүстіктен – Солтүстікке» бағдарламасымен Жамбыл облысынан Солнечный кентіне қоныс аударған көпбалалы ана Кенжегүл Солнечный-Екібастұз бағытында қатынайтын автобустың сыйымдылығы аз екеніне арызданды. Аталмыш мәселені атқарушы билік қаперге алып, қарастыратын болды. Тағы бір көпбалалы ана Жанаргүл Тілеке: «Кезекпен берілген пәтер суық» – деп шағымданып еді, қала басшысы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Әлібек Байділдинге баспананы көріп, мәселенің анық-қанығын білуді жүктеді.
«Мақпал» мәдениет үйіне күрделі жөндеу қажеттігі айтылып жүргелі бірнеше жыл болды. Есептік кездесуде аталмыш проблеме тағы қозғалды.
– Жобалық-сметалық құжаттама әзір. Күрделі жөндеу жұмыстарына 600 миллион теңге қажет. 2026 жылдың бюджетін нақтылауда мүмкіндік болса, қаржы қарастырамыз, – деп қала әкімі Аян Бейсекин жұртты үміттендірді.
Диана атты келіншек кенттегі жалғыз балабақша ауласына ертеректе төселген асфальттің тоғызы жетіп тұрғанын айтты. Сонымен қатар, заманауи ойын алаңшасы жасалса деген тілегін жеткізді. Бұл мәселелер қарастырылатын болды.
Байыпты әңгіме қозғалып, көптеген мәселеге қатысты биліктің жауабын естіген кент тұрғындарын есептік кездесу соңында қала әкімі Аян Бейсекин келе жатқан Жаңа жылды жақсы көңіл күймен қарсы алуға шақырды.
Айтпақшы, кенттер мен ауылдар әкімдері елді мекендерді мерекелік безендіруге қазірден бастап кірісіпті. Жарық беретін әшекейлерді тәжірибелі фирма жүзеге асырады.
Ж.Сәдуақас







