Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Асайын Байханов 24 желтоқсан күні №2 шағынауданда «Гидропром» ЖШС-і салған бесқабатты үш жаңа үйді көрді. Мұндағы әр биік үйде 60 пәтерден бар. Пәтерлер «Отбасы банк» арқылы несиеге беріледі екен. Қазіргі уақытта 33 отбасы өздеріне баспана ресімдеп үлгеріпті. Айтпақшы, тұрғынжайдың 1 шаршы метрі 253 мың теңгеге бағаланып отыр. Бір бөлмелі пәтерлер – 42 шаршы метр, екі бөлмелі пәтерлер – 60 шаршы метр, үш бөлмелі пәтерлер – 65 шаршы метр және төрт бөлмелі пәтерлер ауданы – 80 шаршы метр.
Негізі, биылғы жылы жалпы алаңы 99,5 мың шаршы метр тұрғынжай пайдалануға беріледі.
Жаңа үйлерді аралап көрген соң аймақ басшысы Мәшһүр Жүсіп көшесі, 126 «А» мекенжайында орналасқан ескі балабақша ғимаратына көлік басын бұрды. Ертеректе жеке қолға өтіп кеткен бұл ғимарат 270 миллион теңге бюджет қаржысына коммуналдық меншікке сатып алынған екен. Енді мұнда арнайы балабақша болады. Ол үшін қажет қаржыны «KAZ Minerals Bozhakol» ЖШС бөліп отыр. Бас мердігер – «Павлодар Рем Комплекс» ЖШС.
Қазіргі уақытта жұмыс басталып кетіпті. Аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы мердігер компания басшысы, авторлық қадағалау фирмасы өкілімен сөйлесіп, жобаға біршама өзгеріс енгізу қажеттігін айтты. Атап айтқанда, балабақшаның сыртқы келбеті заман талабына сай болуы керек. Ал ғимаратты қайта жарақтау жұмыстарын 2026 жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр.
Ж.Бұланбай






