22 желтоқсан – Энергетиктер күніне орай «Өнер» қалалық мәдениет сарайында сала қызметкерлеріне арналған салтанатты шара өтті. Екібастұз энергетикасы – ел энергетикасының негізгі ошағы әрі қала экономикасының басты саласы. Бүгінде республика бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі, ал Павлодар облысы көлеміндегі қуаттың жартысына жуығы өңірімізде өндіріледі. Бұл – энергетиктердің жоғары кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің айқын нәтижесі.
Қазіргі таңда электр энергиясын өндіру мен тасымалдау, жылумен жабдықтау салаларында, сондай-ақ, қызмет көрсетуші ұйымдарда 3,5 мыңнан астам маман еңбек етуде. Олардың күнделікті жауапты жұмысы Екібастұз өңіріндегі энергетика кешенінің тұрақты әрі үздіксіз қызметін қамтамасыз етіп келеді. Екібастұз өңірінде ел үшін стратегиялық маңызы бар қуатты энергетикалық торап қалыптасқан деуге болады. Оның негізін бірегей көмір бассейні мен ірі электр станциялары құрайды. Электр энергиясын өндірудің негізгі үлесін «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз 1-МАЭС» және «Екібастұз МАЭС-2» станциялары қамтамасыз етеді. Қаладағы электр станцияларының белгіленген қуаты 5 ГВт-қа жетіп, Екібастұз Қазақстандағы электр энергиясын өндіру көлемі бойынша көшбасшы қалалардың біріне айналып отыр.
Электр энергиясын өндірумен қатар, оны сенімді тасымалдау да аса маңызды. Екібастұз өңірі арқылы еліміздің электрэнергетикалық жүйесінің ірі торабы өтеді. Бұл бағытта ұлттық оператор – «KEGOC» акционерлік қоғамының рөлі ерекше. Аса жоғары кернеулі магистральді желілер мен ірі қосалқы станциялардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету – осы кәсіпорын мамандарының жауапты міндеті.
Энергетиктер күніне арналған салтанатты шарада Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың еңбегіне жоғары баға берді.
– Құрметті энергетика саласының ардагерлері мен қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Энергетика саласының 40 жылдан астам тарихында ондаған мың маман еңбек етті. Бүгінде олардың көпшілігі құрметті демалыста. Ардагерлердің қажырлы еңбегі қазіргі энергетика жүйесінің берік негізін қалады. Ал бүгінгі буын сол жолды абыроймен жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы алға қойған энергетикалық әлеуетті арттыру міндетіне сәйкес, салада ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы МАЭС-1 станциясының 1-энергоблогы қайта жаңғыртылып, қазіргі уақытта МАЭС-2 станциясын екі жаңа энергоблогпен кеңейту және МАЭС-3 салу жобалары іске асырылып жатыр. Сонымен қатар, өңірдің жоғары жел әлеуетін ескере отырып, жалпы қуаты 1,5 ГВт болатын екі жел электр станциясының құрылысы қолға алынды. Қажыр-қайраттарыңыз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін, – деді қала басшысы.
Салтанатты кеш барысында сала қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Павлодар облысы әкімінің құрмет грамотасымен «Горэлектросеть» ЖШС бас инженерінің орынбасары Қуат Досымбаев пен «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ цех бастығының орынбасары Қайрат Құрманғалиев марапатталды. Ал облыс әкімінің алғыс хаты «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ қазан-турбиналық цехының машинисі Бекіжан Еркебаевқа табысталды.
Екібастұз қаласы әкімінің құрмет грамотасымен бірқатар сала қызметкерлері марапатталды. Олардың қатарында «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз-1 МАЭС» ЖШС-нің аға электрмонтері Дәурен Асқарбеков, цех ауысымының бастығы Қайырболат Бексейітов, «Екібастұз МАЭС-2» АҚ отын-көлік цехының қоймашысы Динара Бұлхаирова, «Электросервис» ЖШС-нің техникалық директоры Владимир Николаев, электрслесарі Владимир Высокос, «KEGOC» АҚ филиалының сырлаушысы Үміт Жүнісова, «Горэлектросеть» ЖШС қауіпсіздік қызметінің маманы Әзірбай Исенов, учаске шебері Сергей Паймеров, «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз-1 МАЭС» ЖШС іс жүргізу бөлімінің маманы Айнұр Камзина, терапевт дәрігер Галина Кушнарева, «Энергоинформ» АҚ-ның инженері Николай Карпенко, «Екібастұз жылу желілері» ЖШС-нің слесарі Владимир Клочков, инженері Наталья Ключникова, «Энергоуправление» ЖШС-нің электрмонтері Татьяна Пузанкова бар.
Қала әкімінің алғыс хатымен «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз-1 МАЭС» ЖШС-нің электрдәнекерлеушісі Жанат Аманжолов, «Дом Энерго Сеть» ЖШС-нің электрмонтері Әміржан Әсемов, «Energy Solutions Center» ЖШС-нің инженерлері Михаил Оноприенко мен Алексей Богатенков, «KEGOC» АҚ филиалының жүргізушісі Әлібек Нұрымов, «Энергоинформ» АҚ-ның маманы Ирина Сухинина, «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ қазан-турбиналық цехының маманы Жақсыбек Тауташев марапатталды.
Мерекелік кеште Сұңғат Көпежанов, Алтынгүл Бақытхан, Бауырбек Бектеміров, сондай-ақ, эстрада жұлдыздары Қайрат Баекенов пен «Формат» тобы өнер көрсетіп, сала қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Ділназ Серікбай








