24 желтоқсан күні «Өнер» мәдениет сарайында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласының тұрғындарымен кездесіп, 2025 жылдың қорытындылары жайлы есеп берді.
Аймақ басшысының баяндамасында айтылғанындай, биылғы жыл табысты аяқталып отыр. Сала-салаға жіктейтін болсақ, шаһардың тозығы жеткен инфрақұрылымын жаңалау қарқынды жүргізіліп жатыр. Соңғы 3 жыл ішінде алты жылу магитралінде жиынтығы 21 километр жаңа құбырлар төселіп, су жаңа №7/1 жылу магистралі пайдалануға берілді. Сонымен қатар, жалпы қашықтығы 100 километр кварталішілік құбырлар ауыстырылды. Екібастұз жылу-электр орталығын реконструкциялау мен қазандықтарды жөндеуге 80 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Атқарылған осы жұмыстардың нәтижесінде қыс ішінде қала тұрғындары жылумен қалыпты қамтамасыз етіліп отыр.
Екібастұз қаласының келбеті жылдан-жылға көркейіп келе жатқанын байқауға болады. Үш жылда шаһарды абаттандыруға 7 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Сөйтіп, аулалар асфальтталып, балалар алаңшалары жасалып, жарық шамдары орнатылып, тағы тағы қыруар шаруа тындырылды.
Әлеуметтік салаға қатысты сөз қозғасақ, «Самғау» балалар шығармашылығы орталығы іске қосылды. Атығай ауылында жаңа мектеп, Қоянды мен Бәйетте денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Келесі жылы Бәйет пен Әлкей Марғұлан ауылдарында медициналық пункттер пайдалануға беріліп, қаламыздағы емханаларда жөндеу жұмыстары жүргізілмекші.
«Жол мұраты – жету» десек, елді мекендерге қатынау жақсарды. 2026 жылы Ақкөл ауылы – Исабек ишан кесенесі аралығындағы жол асфальтталады.
– Алдағы жылы Екібастұз қаласындағы көше жолдарын асфальттауға басымдық береміз. Бұл мақсатқа бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы бөлінді, – деді облыс әкімі Асайын Қуандықұлы.
Аймақ басшысы, сонымен бірге, өндірістік қала – Екібастұзда көмір мен энергетикаға қоса, өнеркәсіптің өзге де салалары дамып жатқанын атап өтіп, мұның өзі қазынаға түсетін қаржы көлемін ұлғайтатынын айтты. 2026 жылы жалпы құны 6,2 триллион теңге тұратын тағы 6 ірі жоба жүзеге асырылып, 2500 жұмыс орны ашылмақшы екен.
Аймақ басшысы қысқаша баяндамасын аяқтаған соң, әдеттегідей кездесудің сұрақ-жауап бөлімі басталды.
– Жаңа кәсіпорындардың іске қосылғаны, әрине, жақсы. Алайда экологиялық хал-ахуал алаңдатады, – деді қала тұрғындарының бірі.
Көпшіліктің көкейінде жүрген бұл сұраққа аймақ басшысы толымды жауап беруге тырысты.
– Екібастұз – өнеркәсіптік өңір. Өнеркәсіпті дамытпасақ, экономика қуатты бола алмайды. Биылғы жылы екі ферроқорытпа зауыты іске қосылды. Олар заманауи технологиялармен жұмыс істейді, сүзгілері әлемдік стандарттарға сай. Керісінше, ертеде іске қосылған өндіріс орындарының әуені ластауы көбірек. Олардан экологиялық талаптарды сақтау сұралып отыр, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Екібастұз ауылдық округіне қарайтын Тай ауылының тұрғыны Нұрлан Обаев екі елді мекен халқы атынан Төртүйге дейінгі 18 километр, одан арғы 35 километр қатқыл табанды жолды асфальттауды өтінді. Аталмыш мәселені саралай келе, билік келесі жылы жазда Төртүйге дейінгі жолға асфальт, ары қарай қиыршық тас төсеу мүмкіндігін қарастыратын болды. Әйтпесе жол құрылысы 2027 жылдың жоспарына енгізіледі.
Кейінгі жылдары қаламызда тұрғын үйлер көптеп салынып, жаңа шағынаудандар пайда болды емес пе. Осы орайда, Мәншүк Мәметова көшесіндегі жаңа үйлер тұрғындары: «Бізге жаңа мектеп қажет. Маңайдағы мектептерге балалардың қатынауы қиын», – деген ұсыныспен шықты.
– Екібастұз қаласына әзірше жаңа мектеп қажет емес. Қазіргі білім ошақтары оқушылар үшін жеткілікті. Ал жаңа шағынаудандағы бос аумаққа не спорт кешенін, не балабақша салу тиімді болмақ, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, қалаішілік автобустар бағытын өзгерту жайлы да өтініш болған еді, оны таразылау қала билігіне тапсырылды.
Тағы бір тұрғын Екібастұздың 40 жылдығы атындағы көшенің қос қапталында да тротуар жоқтығына шағынды. Мәселе оң шешімін тауып, 2026 жылы көшенің бір қапталына жаяу жүргінші жолы жасалатын болды.
Кірпіш зауытының басшысы Әлібек Қуанышев қалаға жабық футбол алаңы керек екенін тілге тиек етті.
– 2026 жылдың көктемінде Екібастұз қаласында Сәтбаев көшесінде зәулім спорт сарайының құрылысы басталады. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзір, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Аталмыш жоба құны – 20 миллиард теңге. Сол спорт сарайында түрлі манеждер болады, – деген облыс әкімі Асайын Қуандықұлы бөлек жабық футбол манежін салу жағы қажеттілікке қарай қарастырылатынын айтты.
Айтпақшы, түрлі әлеуметтік нысандарды салуға бизнес өкілдері де қаржы бөлуде екен. Мәселен, соңғы үш жылда бұл мақсатқа жалпы сомасы 40 миллиард теңге жеке инвестиция құйылыпты.
Жалпы, есептік кездесуде өзге де сұрақтар қойылып, көтерілген мәселелерді билік қаперіне алды.
Ең бастысы, аймақ басшысының сөзіне жүгінсек, Павлодар облысының экономикалық әлеуеті артып келеді. Мәселен, 3 жыл бұрын облыс орталықтан 180 миллиард теңге субвенция алып жүрсе, қазір оның көлемі 174 миллиард теңгеге қысқарып, енді 2026 жылы 4 миллиард теңге субвенция ғана алады екен. Іске қосылған жаңа кәсіпорындар өндірістік қуатына толық енгенде, облыс өзін-өзі қаржыландыратын аймақ болмақшы.
Ж.Сәдуақас








