Екібастұз МАЭС-2 станциясының орталықтандырылған жөндеу цехы бастығының орынбасары Дамир Дисухановтың еңбек жолына үңілгенде оның қызмет сатысымен біртіндеп көтерілгенін байқауға болады.
Дамир Серікұлы бастапқыда, яғни, 2006 жылы ақпан айында орталықтандырылған жөндеу цехының бас корпусты жылыту және желдету бригадасына 4-разрядты слесарь болып орналасқан екен. Арада үш жыл өткенде 2019 жылы электр сүзгілерді жөндеу бригадасына ауысып, 2020 жылдың қарашасында электр сүзгілерді жөндеу мастері болады. Келесі жылы қызметі тағы өсіп, бас корпустың жылыту құрылғыларын, электр сүзгілерін, желдеткіштерін жөндеу және оқшаулаудың аға мастерлігіне тағайындалады. Ал 2025 жылдың сәуір айынан бері, жоғарыда айтқанымыздай, орталықтандырылған жөндеу цехы бастығының орынбасары қызметін атқарып жүр.
– Мектеп бітіргеннен кейін Қаныш Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында оқып, экономист мамандығын алған едім. Электр қуатын өндіруші станцияға жұмысқа тұрған соң, осы саланы білу керектігін түсініп, 2019 жылы ЕИТИ-дің кешкі бөліміне оқуға кіріп, 2023 жылы автоматтандыру және басқару факультетін тәмамдап, екінші мамандық алдым. Жалпы, алғашқы бетте өндіріске бейімделу оңай емес. Осы орайда, жақсы тәлімгерлерге кезіктім. Ең басында мастер Өмірбек Еңбекұлы Асауов көп нәрсені үйретіп, жұмысқа көзімді қанықтырды. Кейін қызметім өсіп, өзім аға мастер болғанда цех бастығының орынбасары Иван Григорьевич Мишин ақыл-кеңесін беріп, қолдау көрсетті. Қазіргі уақытта бұл екі азамат та зейнеткер. Ол кісілерге менің алғысым шексіз. Негізі аға буынның жастарға қамқорлық көрсетуі игі дәстүр ғой, – дейді әңгімесінде Дамир Серікұлы.
Айтпақшы, орталықтандырылған жөндеу цехында 165 адам еңбек етеді екен. Цех бастығы Юрий Михайлович Самков пен орынбасары Дамир Дисуханов ұжымның бірлігін нығайтып, жүктелген міндеттер үдесінен шығуына көңіл бөлуде. Сонымен қатар, Дамир Серікұлы қолы бос уақытта футбол ойнауды ұнатады. Түрлі жарыстарда цех, станция намысын қорғап та жүр екен. Негізі, спорттың адамдарды бір-біріне жақын ететінін ескерсек, басшы үшін бұл да қажет.
Сөзіміздің соңында отбасы жайлы баяндасақ, «Халық базарында» әкімші болып қызмет істеген жары Зарина Дисуханова қазір бала күтімімен үйде отыр екен. Тату-тәтті ерлі-зайыптылар Данелия, Әлім, Алан атты үш перзентін қызықтауда.
Ж.Жәлелұлы







