Электр цехының электртехникалық лабораториясында техниканы қайта құрау тобының мастері болып қызмет істейтін Камиккиян Пармышевтің Солнечный кентіне тап болуының себебі бар екен. 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісіне қатысқан ағасы Әділхан мен жеңгесі Ғалия институттан қуылып, МАЭС-2 станциясының құрылысына жіберіледі. Тағдыр бұлталағымен оңтүстіктен солтүстікке айдалған ағасы жалғызсырап, інісі Камиккиянды әскерден кейін қасына шақырып алады.
– Негізі, біз Түркістан облысының тумасымыз. Әкем Мұхаммедәлі сауда ісімен Өзбекстанда болғанында өзбек досы ертеде Мысырда әскери қолбасшылықпен аты шыққан Камиккиян туралы кітапты ұсынып, «Оқыған әр күніңе бір қошқардан беремін» дейді. Әкем сол кітапты үш күн бойы бас көтермей оқып тауысып, шығарма кейіпкерінің даналығы мен ерлігін ұнатып қалады. Сөйтіп мен өмірге келгенде маған қолбасшы есімін беруді ұйғарады. Мектептен кейін Шымкент ауыл шаруашылығы техникумында оқып, электрмонтер мамандығын меңгердім. Кейін Павлодарда колледжде білімімді толықтырып, электр және қосалқы станциялар техник-электригі дипломын алдым. 1990 жылдан бері электр цехында еңбек етіп жүрмін, – деген Камиккиян Пармышев қызметтік міндеттеріне екі блоктағы екі генератордың жұмысын қадағалау жататынын тілге тиек етті.
Екібастұз МАЭС-2 станциясының табалдырығын аттағалы ширек ғасыр өтіп, кәсіпорынға әбден бауыр басқан білікті маман, абыройлы азамат адал еңбегі үшін көптеген марапатқа ие болып, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерейтойлық медалін өңіріне қадапты.
Камиккиян Пармышев әңгімешіл екен. Жаз ішінде балық аулап, ескі таспалы магнитофондарды жаңалап жөндеумен әуестенетін көрінеді.
Енді азаматтың отбасы жайлы айтар болсақ, зайыбы Мейрамгүл Қуатқызы – бухгалтер, отбасының тұңғышы – Дәлелхан футболдан жаттықтырушы болып жұмыс істесе, қызы Бикен кәсіпкерлікпен шұғылдануда.
Еліміздің түкпір-түкпіріне электр қуатын таратып, жарық сыйлаушы «Екібастұз МАЭС-2» акционерлік қоғамында мыңдаған адамның тағдырлары тоғысып, адал еңбектерімен өндірістің жүрегі тынымсыз соғып тұруын қамтамасыз етіп отыр емес пе. Олай болса, қажырлы да қайратты энергетиктерге кәсіби мереке құтты болсын дей отыра, табыс тілейміз.
Ж.Жәлелұлы







