
Ұлты әзірбайжан Ровшан Бегляров 1994 жылы досына ілесіп Бакуден Қазақстанға келеді. Нақтырақ айтқанда, Павлодар облысы, Железинка ауданы Церковная ауылында қонақта болады. Содан қазақ жеріне ықыласы ауып, осы жақта қалуды ұйғарады. 1995 жылы Солнечный кентіне жылжып, Екібастұз МАЭС-2 станциясының орталықтандырылған жөндеу цехына компрессорлық жабдықтарды жөндеуші слесарь болып жұмысқа орналасады. Одан кейін ұсталық бөлімге ауысып, біраз уақыт еңбек етеді. Ал 2000 жылы 4-разрядты маман оттегі цехында баллондарды толтырушы қызметіне кіріседі. Қазіргі уақытта Ровшан Алиоглы – өндіріске дайындық цехында мастер.
– Қарамағымда 22 адам жұмыс істейді. Бәрі өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды. Жалпы, біздің ұжым тату-тәтті, – деген Ровшан Бегляров басшы-
лық мұндағы адамдардың еңбегін бағалай білетінін, жұмыскерлерге жағдай жасалғанын айтты.
Айтпақшы, Ровшан Алиоглының фотосуреті бір жылдары станция алдындағы Құрмет тақтасында ілініп тұрыпты. Сонымен бірге, көптеген грамота, алғыс хатпен марапатталған ол спортты серік етіп, футбол ойнауды ұнатады екен.
Ж.Жәлелұлы






