
Мақсаткерлік пен табандылық адамды биікке жетелейтініне Жанна Николаевнаның еңбек жолы дәлел. Ол 2014 жылы МАЭС-2 станциясының отын-көлік цехына еден жуушы болып орналасады. Іс-қимылы ширақ ол еңбекқорлығымен көзге түсіп, бір айдан кейін тазалау имараттары операторы болып, осы жұмысты үш жыл атқарады. Станцияда қызмет істеу көңіліне жаққан ол 2015 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының колледжіне оқуға түсіп, жылу технигі мамандығын меңгереді. Өндірістің қазанында қайнап, білігін арттырған Жанна Утюбекова қызметін ауыстырып, хлорлау учаскесінде оператор болып 5 жыл жұмыс істейді. Ал 2022 жылы білікті маман гидротехникалық имараттар және жерасты коммуникациялар цехына инженер болып тағайындалады.
– Ауысыммен жұмыс істейміз. Оперативтік персоналға машинист, хлорлаушы және слесарьлар енеді. Гидротехникалық имараттардың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, ағын суларды зарарсыздандырамыз, – дейді әңгімесінде Жанна Николаевна.
Айтпақшы, біздің кейіпкеріміздің әкесі де, күйеуі де қазақ екен. МАЭС-2 станциясының қазандық-турбиналық цехында машинист болып еңбек етіп жүрген Арыстан атты жігітпен танысып, тұрмысқа шыққан Жанна – бір қыз, бір ұлдың анасы. Лебяжі ауданындағы Тілектес ауылында туып-өскен оған қазақтың әдет-ғұрпы бөтен емес. Сонымен қатар, Жанна Утюбекова үстел теннисінен кәсіпорынішілік жарыс жеңімпазы, қазақтың ұлттық ойындары – тоғызқұмалақ пен бес асыққа да шебер.
Жалпы, отыздан енді асқан Жанна Николаевна белсенді өмір салтын ұстанады. Қоғамдық іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына қатысып, көңілді тапқырлар ойындарында ой сергітеді. Белсенділігі бағаланып, биыл Астана қаласында болған Жастар форумына қатысыпты.
Кез келген іске жауапкершілікпен қарауды бойына сіңірген Жанна Утюбекованың әлі де биіктен көрінеріне күмән жоқ.
Ж.Жәлелұлы






