Энергетиктердің кәсіби мерекесі қарсаңында Екібастұз МАЭС-2 станциясының бірқатар қызметкерлерімен жүздесіп, сұхбат алудың сәті түсті. Солардың бірі – Манарбек Нұрғалиев тәжірибелі маман екен. Ол осы станцияда сонау 1991 жылдан бері жұмыс істейді. Әу баста отын беру цехына электр станциясы жабдықтарына қызмет көрсетуші слесарь болып орналасқан азамат 1994 жылы қайта құрылған отын-көлік цехының бастығы лауазымына көтеріледі. Білімін жетілдіруді ойлаған Манарбек Көшерұлы 1999-2002 жылдары Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтында сырттай оқып, энергетик дипломын алады.
Еңбекқор жігіт 2023 жылға дейін цех бастығы қызметін атқарып, денсаулығына байланысты жетекші инженерлікке ауысады.
– Біздің отын-көлік цехына үш учаске кіреді. Сол үш учаскенің бірі – май-мазут жағу шаруашылығы. Бұл шаруашылық үздіксіз жұмыс істеп тұруға тиіс. Оперативтік персоналдағы үш адам жабдықтарды қарап, температура мен қысымды бақылайды. Сонымен бірге, жөндеу жұмыстарымен шұғылданатын бригада бар. Мен мастермен келісе отыра күнделікті жұмыс ауқымын белгілеймін, – дейді Манарбек Көшерұлы қызметтік міндеттері жайлы айтып.
Біздің кейіпкеріміздің көпжылғы адал еңбегі лайықты бағаланып, «Қазақстанның құрметті энергетигі» атағы беріліп, «Электр энергетикасына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталыпты.
Манарбек Нұрғалиев 1964 жылы Лебяжі ауданы Шоқтал ауылында өмірге келген. Майқарағай орта мектебін бітірген соң Павлодар қаласындағы №158 қалалық кәсіби-техникалық училищеге оқуға түсіп, электр монтері мамандығын меңгерген. «Нағашым Зейнолла Мұсабеков энергетика саласында қызмет етуші еді, сол кісіге ұқсағым келді», – дейді ол.
Абыройлы азаматтың отбасы жайлы айтар болсақ, жұбайы Сандуғаш Қабденқызы «Қайнар» ББК-де жұмыс істейді. Үйдің тұңғышы Дина да әке жолын қуып, энергетика саласы маманы атаныпты. Одан кейінгі Айжан «Қазақтелекомда» еңбек етіп жүр. Екеуі де тұрмыста, ата-әже болған Манарбек Көшерұлы мен Сандуғаш Қабденқызы жиендерін қызықтап отыр.
Отыз жылдан астам уақыт МАЭС-2 станциясында үздіксіз еңбек етіп жүрген Манарбек Нұрғалиев – ұжымында сыйлы, кәсібінен рахат тапқан жан.
Ж.Жәлелұлы






