
Электриктің міндеті үзілген сымдарды жалғап, жарықты қосу ғана емес. Бұл – қауіпсіздік пен дәлдікті, техникалық білім мен жауапкершілікті талап ететін, адамзаттың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған мамандық. Осындай маңызды мамандық иесі – бүгінде «Горэлектросеть» ЖШС-інде еңбек етіп жүрген Берік Ахауов.
Баянауылдың тумасы Берік Ахауов Екібастұз қаласындағы №18 мектепте оқыған. Айтуынша, электр құралдарын жөндеуге жасынан құмар болыпты. Үйдегі электр розеткасы, шәйнектің шнуры секілді ұсақ-түйекті жөндеу ол үшін түкке тұрмайтын. Мектепті бітірген соң да қандай мамандық таңдайтыны белгілі болған. Көп ойланбай, қаладағы тау-кен техникумына құжат тапсырды. Ол жерден техник-электрик мамандығын алып шықты.
– Электр бұйымдарына икемім болғандықтан, таңдауым саналы түрде болды. Техникумда бәрін басынан бастап үйретті. Неден бастау қажет, қандай кернеуге мүлде жоламау керектігін түсіндірді. Электрмен жұмыс істеу аса сақтық пен жауапкершілікті талап ететінін ұғындырды. Білім беру барысын практикамен ұштастырдық. Бітірген соң 2008 жылы «Горэлектросеть» ЖШС-іне электр монтер болып жұмысқа тұрдым, – дейді Берік Болатұлы еңбек жолын қалай бастағаны туралы.
Жас маман кәсіпорынға алғаш келгенде әріптесі Рүстем Әбілшаихов жетекшілік еткен екен. Ақкөңіл де сабырлы жетекші жұмысты адал атқаруға, сабырмен шешім қабылдауға үйретіпті. Бүгінде Берік Болатұлы да өзінен кейінгілерге ағалық көрсетіп, қамқорлығына алып жүр.
Халық арасында «Сапёр бір-ақ рет қателеседі» деген әзіл тараған. Сол секілді электриктерге де қателесуге болмайды. Жоғарғы, төменгі кернеулі ток көзімен жұмыс істейтіндіктен техникалық қауіпсіздікті сақтап, аса сақ болу қажет.
Әр жұмыстың өз қиындығы бар. Дауылды, боранды күндері электр мамандарының жұмысы тіпті көбейеді. Қараша айындағы дауыл ағаштарды сындырып, электр сымдарын үзіп, біраз әлек салған-ды. Сол күндері қала тіршілігін тоқтатпай, тез арада қалпына келтірген электриктерге алғысымыз зор.
– Әдетте жұмысымыз бес күндік. Қаланың ішіндегі, қала сыртындағы электр сымдарын жөндейміз. Сенбі-жексенбі күндері кезекшілікке шығамыз. Апатты жағдайларда күн-түнге қарамаймыз. Қайбір жылы қалың жұртты әлекке салған жылу апаты кезінде де бел шешпей қызмет еттік. Қытымыр аязда түнгі ауысымнан келіп, бір ұйықтап алып қайта жұмысқа шығатынбыз. Күн жаманы өтер деген. Қиын кезеңнің артта қалғанына шүкір, – деп еске алды Б.Ахауов.
Тез әрекет етіп, жұмысты мүлтіксіз атқаруға машықтанған Берік Болатұлы бүгінде шебер лауазымында еңбек етіп жүр. Жұмысында біліктілігімен сыйлы азамат отбасында өнегелі әке атанып, жұбайы Шәрбану екеуі үш баланы тәрбиелеп отыр. Шәрбану Ахауова – №18 мектепте мұғалім.
– Мамандықты жүрегің қалап тұруы керек. Сонда жұмыстан жалықпайсың, – дейді Б.Ахауов сөз соңында. – Мереке қарсаңында әріптестеріме денсаулық, екібастұздықтарға жарық та жарқын өмір тілеймін.
Адамдар электр қуатынсыз өмір сүрмейді, сонысына орай электрик мамандығы адамға зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан бұл қашанда сұранысқа ие мамандық болып қала бермек.
Гүлсана ҚУАТБАЙҚЫЗЫ






