Қалалық коммуникациялар қызметінде есірткі қылмысына қатысты брифинг өтті. Брифингте полиция басқармасының тергеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Жабаев есірткі қылмысына жасөспірімдерді тарту проблемасы туралы баяндады.
Кейінгі жылдары Қазақстанда есірткі қылмысының түрленуі байқалады: мессенджерлер мен «онлайн-наркошоптар» арқылы тарату (оның ішінде тікелей байланыссыз сату), сондай-ақ, жасөспірім-тұтынушыларды да, қатардағы орындаушыларды да (есірткіні жасырушылар, курьерлер) тарту күшейді. Қазір мұндай әрекеттердің көбі әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылады. Мұндай әрекеттер құқық қорғау органдары мен прокурорлар назарынан тыс қалып жатқан жоқ.
Жыл басынан бері полиция басқармасы қызметкерлері облыстағы қызметтермен бірлесе отырып Екібастұз қаласындағы криминогендік жағдайды тұрақтандыруға, есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған бірқатар жедел-іздестіру, алдын алу іс-шараларын жүргізді. Соның нәтижесінде Екібастұз қаласында 49 қылмыс тіркелген, оның 20-сы ауыр қылмыстық құқық бұзушылыққа жатады. Аталған фактілердің 30-ына – ҚР ҚК 296-бабында көрсетілгендей (есірткі заттарын шағын, ірі және аса ірі мөлшерде өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, сақтау, тасымалдау немесе жөнелту) жаза қарастырылса, 16 істе осы кодекстің 297-бабына сәйкес, есірткі және психотроптық заттарды өткізгені үшін айып тағылды. Бұл бап бойынша қылмыстың ауырлығына қарай 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
– Есірткі айналымына тартылған адамдардың жасы шамамен 20-30 жас аралығында. Оңай ақша тапқысы келгендер өз өміріне балта шауып жатқанын байқамай да қалады. Осылайша өрімдей жастар шалыс басып, темір торға тоғытылады. Есірткі саудасына жасөспірімдерді тартудың алдын алу мақсатында құқық қорғаушылар мектептер мен колледждерде профилактикалық шаралар өткізіп жүр. Әңгімелесу барысында полицейлер заңнамадағы өзгерістерді, жасөспірімдердің құқықтарын түсіндіреді, – деді Нұрсұлтан Батырбекұлы.
Қазақстанда есірткі саудасымен айналысқаны үшін заң алдында 16 жастан бастап жауап береді. Ел көлемінде жыл басынан бері есірткі айналымына 60-тан аса жасөспірім тартылыпты. Бұл – анықталғандары ғана. Есірткі таратушылар әлеуметтік желі арқылы «жеңіл табыс» табуды жиі ұсынады. Сондықтан полиция ата-аналарды балаларына көңіл бөлуге, қандай әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланатынына назар аударуға шақырады.
Кенже ҚУАТ







