
Елімізде заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы жалғасып жатыр. Қолданыстағы заңға сәйкес, қару-жарақты өз еркімен тапсырған тұлғалар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында жасалып жатқан шара аясында азаматтар тіркелмеген қаруларын тапсырып, өтемақы алуына болады.
Биыл жыл басынан бері Екібастұзда ерікті түрде 2 қару тапсырылған. Олардың жалпы құны 186 мың теңге деп бағаланды.
Осы жерде тапсырылатын қаруларға берілетін өтемақы мөлшеріне тоқталсақ.
Жалпы қаруды сақтауға, алып жүруге кімдерге рұқсат беріледі? Рұқсат алу үшін қандай құжаттар керек? Қаруға рұқсат алу қандай жауапкершілік жүктейді? Осы тақылеттес сұрақтарға Екібастұз қаласы полиция басқармасы табиғатты қорғау және азаматтық қару айналымын бақылау тобының инспекторы Айдархан Ахатов жауап берді.
– Акция жалғасып жатыр. Әдетте өтемақы бір ай ішінде төленеді. Бірақ әзірге қаржыландыру тоқтап тұр. Сондықтан қазір тапсырғандар өтемақы ала алмайды, – деді акция туралы инспектор Айдархан Құрметұлы.
Бекітілген тәртіпке сәйкес, қаруды ерікті түрде тапсырған азаматтар 10 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін сыйақы алады. Төлем мөлшерін анықтау үшін арнайы комиссия қарудың техникалық жай-күйін тексереді.
Тапсырылған қару 3 санатта қарастырылады. Бірінші санатқа тауарлық түрін жоғалтса да бүтіндігі сақталған қарулар жатқызылады. Бұл санатқа сыйақы толық төленеді. Екінші санаттағы қарудың техникалық ақаулары, бөлшектерінің беткі қабаттарының коррозиясы болуы мүмкін, оған өтемақы 70 пайыз мөлшерде тағайындалады. Пайдалануға жарамсыз әрі қауіпті үшінші санатқа жататын қаруларға 30 пайыз мөлшерде өтемақы беріледі.
Ескерте кететін жай, атыс қаруы, оқ-дәрі деп танылмаған, сондай-ақ, тіркелген қаруларға сыйақы берілмейді. Атыс қаруын тапсыру үшін полиция бөлімшесіне бару қажет.
Адамдарға қару не үшін керек? Оны біреулер өзін қорғау үшін сатып алса, енді біреулері аңға шығуды мақсат етеді. Қазақстанда бір адамның атына 6 қаруға дейін тіркеуге болады екен. Оның төртеуі аңшы мылтығы, екеуі өзін қорғауға арналған болуы мүмкін. Статистикаға сүйенсек, қазақстандықтардың 1 пайызында азаматтық қару бар екен.
Ал енді қару ұстауға қалай рұқсат алуға болады дегенге келейік. Рұқсат алудан бұрын талапкердің қаруды сақтауға арналған орны (қабырғаға не еденге бекітілген сейф) дайын болғаны дұрыс. Содан соң қажетті құжаттарды түгендеу керек. Нақтырақ айтсақ, талапкерге қаруды қауіпсіз пайдалану қағидаларын білетіндігін растайтын сертификат, мемлекеттік баж төлегені туралы түбіртек, аңшы куәлігі, 075/у үлгідегі медициналық анықтамасы болуы шарт. Ескертетін жай, психо-неврологиялық, наркологиялық диспансердің мөрі қағаз түріндегі медициналық анықтамаға басылуы тиіс. Осыдан соң ғана Халыққа қызмет көрсету орталығына барып өтінім беру қажет.
– Өтінім Халыққа қызмет көрсету орталығына түскен соң азаматтың жеке басына қатысты мәліметтер жиналады. Полиция оның әкімшілік, отбасылық-тұрмыстық, қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанына көңіл аударады. Сондай-ақ, ұйымдасқан қылмыстық топқа, экстремизмге қатысы бар-жоғын тексереді. Осындай жіті тексеруден өткен соң ғана 15 күн ішінде өтінім қанағаттандырылады, – дейді инспектор.
Рұқсат алынған соң қару 3 ай ішінде лицензиясы бар арнайы дүкеннен сатып алынуы тиіс. Екібастұзда қару сатуға арналған 1 ғана дүкен бар. Жаңа жылда осындай тағы бір дүкен ашылмақ.
Қару сатып алынған соң 3 күн ішінде оны тіркеу үшін полицияға өтінім беру қажет. Полиция қызметкерлері қару сақталатын жердің талаптарға сәйкестігін тексереді. Атыс қаруы сақталатын сейф дабыл жүйесімен жабдықталған, құлыпталатын болуы тиіс. Тексеріс мұнымен аяқталмайды. Себебі қару ұстау адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл туралы Айдархан Ахатов былай дейді:
– Қарудың тұрған орны, иелері жылына 2 рет тексеріледі. Осы жерде ескеретін жай, қару оның нақты иесі тұратын мекенжайға тіркеледі. Бұдан басқа, жедел-профилактикалық іс-шаралар кезінде не қалада қаруға байланысты құқық бұзушылық орын алғанда міндетті түрде қаруы бар азаматтар тексеріледі. Осыларға қоса тіркелген қаруы бар азаматтар әр 5 жыл сайын қаруды, қару пайдалана білетіндігін дәлелдеуі тиіс.
Жауапкершілік жайына тағы бір оралсақ, егер азаматтың атына тіркелген қаруды басқа біреу пайдаланса, қару иесі жауап береді. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалардан алыс ұстау қажет.
– Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің өз бетінше қару ұстамауын да қадағалаған дұрыс, – дейді осы жерде Айдархан Құрметұлы. – Кейбір жасөспірімдер «Wildberries», «ОЗОН» секілді ресейлік маркетплейстерден дабыл пистолеттеріне тапсырыс беретін болған. Егер дабыл пистолетін атыс қаруына өзгертсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерткім келеді. Негізі дабыл пистолеттерін қолдануға заңды тұлғаларға ғана рұқсат беріледі.
Тіркелмеген қарулар әлі де кездеседі. Олар қаруға қатысты құқық бұзушылықтар кезінде анықталған. Осылайша 2025 жылдың басында ішімдікке масайған тұрғын өз ауласында атыс қаруынан оқ атқан. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұрғынның қаруы тәркіленді.
Тағы бір жағдайда полициядан қашқан құқық бұзушы дуалдан секіріп өтпекші болғанда оқтаулы тұрған мылтығымен өз қолын атып алған. Оның да қаруы тіркелмеген болып шықты.
Бүгінде қаламызда 1580 адамның атына 2038 қару тіркелген. Көбі қаруды аңшылық мақсатта алады. Олар аң аулауға лицензия алуы тиіс. Аң аулағанды жақсы көретін бір әйелдің жасы 65-те екен. Оның осы мақсатқа арналған 4 қаруы бар.
«Тіркелген қару қандай жағдайда тәркіленуі мүмкін?» деген сұрағымызға мынадай жауап алдық:
– Егер ол қарудың қылмысқа қатысы болса, тәркіленеді. Одан басқа, аңшылар отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылық жасаса, қаруды иелену құқынан үш жылға айырылады. Үш жылдан соң ол қайтадан құжат жинап тапсыруы тиіс.
Бүгінде қорғаныс құралы ретінде электрошокер сатып алатындар да бар. Азаматтар мұндай құрылғыны да тіркетуге міндетті. Қазақстанда қуаты 3 Вт-тан аспайтын шокер алып жүруге рұқсат етіледі. Ал «бұрышты баллончиктерді» ешқандай тіркеусіз-ақ сатып алуға болады.
21 жасқа толған әр адамның қару сатып алуға, сақтауға және қолдануға құқы бар. Ең бастысы, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етсе болғаны. Кез келген қарудың қауіпті екенін естен шығармайық.
Гүлсана МЕДЕУБАЙТЕГІ






