13–14 желтоқсан күндері Екібастұз қаласында алғаш рет «WORK CUP» республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Аталған турнир Қазақстан Республикасы Президенті бекіткен ішкі саясат қағидаттарына сәйкес ұйымдастырылып, Жұмысшы мамандықтар жылы мен Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы аясында өткізілді. Пікірсайыс барысында еңбек адамының мәртебесі, қоғамдық келісім, жастардың кәсіби дамуы және азаматтық ұстаным секілді өзекті тақырыптар кеңінен талқыланды.
Республикалық деңгейдегі турнирге Орал қаласы, Өскемен, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды облыстары, Көкшетау қаласы және Екібастұз қаласының кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарынан 60-қа жуық студент қатысты. Қатысушылар жоғары дайындықтарын, шешендік қабілеттерін және сыни ойлау деңгейін көрсете білді. Турнирдің жүлде қоры 500 000 теңгені құрады.
Салтанатты марапаттау рәсіміне Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева қатысып, турнирге қатысушы жастарды құттықтады. Ол өз сөзінде пікірсайыс алаңының жастарды ой еркіндігіне, жауапкершілікке және қоғамдық белсенділікке тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
Турнир қорытындысында I орынды Қарағанды облысынан келген «Жеті жарғы» фракциясы, II орынды Қызылорда облысының «Торнадо» фракциясы иеленді. Ал III орын Көкшетау қаласының «Томирис» фракциясы мен Қызылорда облысының «Мәншүк» фракциясына бұйырды. Жеке номинациялар бойынша Екібастұз қаласының қатысушысы Нұрай Қабзәкір «Үздік спикер» атанса, Аида Дәуренова «Үздік төреші» номинациясына ие болды.
«WORK CUP» республикалық пікірсайыс турнирі– жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, өңіраралық тәжірибе алмасуға және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға бағытталған маңызды алаң.
Ділназ Серікбай







