Замандас, құрдасым, әріптесім әрі досым – Жанат Қабдылуахитұлы Ибраевты мұғалімдік еткен, одан кейін мектеп директоры болған кезінен білетін болармын. Бір сөзбен айтқанда, таныс-біліс, аралас-құраластығымызға 20 жылдан асыпты. «Отарқа» табыстырған жақсы да жайсаң жандардың бірі де бірегейі.
Жәкең екеуімізді байланыстыратын ортақ құрдастық қағытпа әңгімелер де бар: Жәкең менің әзіл әңгімелерімнің кейіпкерлерімен жоғары оқу орнында бірге оқыпты. Газетке жазған қысқа сықақтарымның кейіпкерлерін жазбай танып, өзі көрген-білгенін қоса айтып бергені бар.
Аса зиялы, жауапкершілігі зор, шаруасына өте тиянақты, газетті өмірінің бөлшегіндей көретін осындай азаматпен бір шаһарда өмір сүріп, дос, әріптес болу ғанибет, тіпті жолыболғыштық деп білемін. Аса сауатты, нені болса да нүкте-үтіріне дейін шегелеп мұқият атқаратын адам қай істе де сенімді ғой.
Жанат Қабдылуахитұлы – мемлекеттік қызметкер болғанымен, шығармашыл тұлға. Кеуде түкпірінде тұнып жатқан арман-жоспары тарихпен, өнермен, шығармашылықпен астасып, астарласып жатады. Құрдас ретінде екеуіміздің бірігіп тындырған жұмыстарымыз бар: сайып келгенде, бәрі де өңір тарихына қатысты.
Жәкең Қарасу ауылдық округінде әкім болып тұрғанда, 2012 жылы екеуіміз Қарасу ауылының 50 жылдығына арнап «Астықтан алқа таққан Қарасу» атты мерейтойлық кітап шығардық. Ауыл тарихын тасқа бастық, еңбеккер адамдардың өмірін естелікке айналдырдық. Кітапқа ауыл адамдарының жазбалары мен баспасөз материалдарын топтастырып, бұған дейін жазылған дүниенің жоғалып кетпеуіне күш салдық. Осылайша, жұп-жұмыр, жинақы еңбек жарыққа шықты. Кітаптың мұқабасына сурет түсіру үшін Жәкең екеуіміз Бөкенбай тауына барып, ойды-қырды араладық. Бір сөзбен айтқанда, кітаптың арқасында Қарасудың жерімен тереңірек танысудың сәті түсті. Жұмыс тәмамдалған соң Жәкеңнің шаңырағында жары Арайлымның сүр етінен дәм таттық. Арайлым Үмбатқызын да «Отарқаға» мақала жазып жүретін сонау оқушы кезінен білемін.
Жәкеңнің атқарған әр ісінің қорытындысын жинақтап, сұрыптап жүретін әдеті бар: аталған кітаптан ол қасиеті жарқырап көрінеді. Және сол кітаптың кей материалдары Жәкеңнің 50 жас мерейтойына арналған жаңа кітаптан да көрініс тауыпты.
«Астықтан алқа таққан Қарасу» құрдасым екеуіміз ойластырған жалғыз еңбек емес, одан кейін араға он жыл салып Өлеңті ауылының 60 жылдығына арналған «Өлке тәжі – Өлеңті» кітабын жарыққа шығардық. Кітапты әріптес ағам Жассерік Сәдуақасовпен бірігіп әзірледік, жүктің ауырын сол кісі арқалады, ал негізгі идеялар Жанат Қабдылуахитұлына тиесілі. Бұл кітаптың да мұқабасына, беттеріне сурет түсіруге бір күнді арнап, Жәкеңнің ақ тұлпарымен Өлеңті өзенін жағалап, небір көркем жерлермен танысып қайтқанмын.
Қарасудың кітабының алғысөзін қала әкімі А.Вербняк жазса, Өлеңті кітабының бірінші бетінде қасқиып Жәкесінің өзі тұр. Кітаптың соңғы бетінің әрін кіргізіп тұрған «60 жылдыққа – 60 игі іс» акциясы» деген тақырып Жәкеңнің мерейтой шеңберінде ойластырған идеяларының дербестігін айғақтап, ұйымдастырушылық қабілетін айшықтай түседі. Әлбетте, кітап шығынына қомақты қаржы салған 13 демеушіні де ұйымдастырып, ұйыстырған – Жәкеңнің өзі.
Біздің шығармашылық тандеміміздегі естелік сәттер мұнымен бітпейді. Ана бір жылы қаламызда Әкім Ысқақтың шы-
ғармашылық кеші өтіп, Жәкең сахнада кеш иесінің қара сөзін оқып, көпшілікті өнерімен таңғалдырғаны бар.
2022 жылы 4 қараша күні «Шам шаһардың Жанары» деген атаумен «Өнер» мәдениет сарайында менің шығармашылық кешім өтіп, Жәкең онда маңдайы жарқырап «Үш жұлдыз» атты өлеңімді оқыды. Бұл шығарма Өлеңтіден шыққан Социалистік Еңбек Ерлері Қали Қаленов, Бөкен Қызғарин және Қазақстанның Еңбек Ері Рышат Әміренов туралы. Туған жерін жүрегімен жақсы көріп, адал еңбегін арнап келе жатқан құрдасым енді, міне, оның тарихын жырмен әрледі. Ойлап қарасақ, әкім атаулының бұлай сахнаға жыр жаттап шығуы сирек оқиға, тіпті құбылыс емес пе! Жәкең сол жолы жұлдыздай жарқырады.
Сахна демекші, былтыр Жәкеңнің ата-анасы Қабдылуахит аға мен Бақытжан апа бастаған Ибраевтар әулеті «Өнерде» концерт берді. Қабдылуахит аға мен Бақытжан апа жергілікті ардагерлердің «Замандастар-құрдастар» ансамблінде өнер көрсетіп жүр. Ауыл шаруашылығына сіңірген еңбектері де бір төбе. Осынау отбасының үлкен-кішісін тани жүріп, тәрбиесіне, болмысындағы мәдениет пен зиялылыққа риза боласың. Осындай ұлағатты шаңырақтан тәлім алған Жәкеңнің өзім таныған 20 шақты жыл ішінде бір қалыптан айнығанын көрген емеспін.
Қашан хабарласып, ауылына қатысты қай фактіні, қай санды сұрасаң да жаңылмай жатқа айтып, әр мәселені жіліктеп беретін, журналистің сұранысын жедел орындайтын әкімдер аз, тіпті тапшы болып барады. Бұл тұрғыдан алғанда, Жәкең сияқты азаматтар ескі көз, көзкөргендер қатарынан ғой.
Бүгінгі таңда қазақ газетіне, қазақ руханиятына жанашыр азаматтар да сиреп, қоғамға газет оқымайтын «қараңғы» лек кірді. Осындайда биліктің бір жағында Жанат Ибраевтардай көзі ашық, көкірегі ояу жандар жүргені – көңілге демеу. Қайда жүрсе де қолдап келе жатқан Жәкемізге «Отарқа» да дән риза.
«Жүрген соң бауырында күнде көріп, Таулардың биіктігі байқалмайды» дейді ғой. Құрдасымды ес көріп, бұйымтай мен өтініш айтқан кездерім аз емес сияқты. Ешқашан бетімді қайтармай, таудай жақсылық жасап жүргендіктен, таудай биік көрем, құрметтеймін.
Жүз жасаңыз, ер Жәкем!
Жанаргүл ҚАДЫРОВА







