Ескі жылдың соңына қарай келесі жылдың бюджеті депутаттар қарауына ұсынылатыны белгілі. 10 желтоқсанда қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының кеңейтілген отырысы болып, қала әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы Салтанат Қорабаева баяндама жасап, халық қалаулыларын 2026-2028 жылдарға арналған Екібастұз қаласының және ауылдық округтері, ауылдары мен кенттері бюджетінің жалпы параметрлерімен таныстырды.
Салтанат Қойшыбайқызының айтуынша, 2026 жылы қала бюджетінің көлемі 53874,1 миллион теңгені құрамақ. Болжам бойынша өз кірісіміз 53477,8 миллион теңгені құрауы тиіс. Салықтық түсімдердің негізгі үлесін корпоративтік табыс салығы, жеке табыс салығы, мүлік салығы, жер телімдерін пайдалану төлемі және жер салығы құрайтын болады.
2026 жылға қала бюджетінің кіріс бөлімін жасақтауда оның әлеуметтік сипаты сақталыпты. Осылайша, әлеуметтік мәндегі барлық іс-шаралар толық көлемде қаржыландырылады.
Енді түрлі бағыттарға бөлінетін қаржы көлемі жайлы қысқаша айта кетелік. Әлеуметтік саланың ағымдағы шығыстарына 4954,9 миллион теңге, тұрғын үй – коммуналдық салаға 8428,3 миллион теңге қарастырылған.
2026 жылы ауылдық округтер, ауылдар мен кенттер бюджетінің көлемі 389957 мың теңге көлемінде белгіленіп отыр. Бюджеттің кіріс және шығыс бөлімдері тең болуы үшін қала бюджетінен субвенция түрінде қосымша 584629 мың теңге бөлу қарастырылған. Бюджеттің шығыс бөліміндегі қаржы, негізінен, елді мекендер көшелерін жарықтандыруға, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге, абаттандыру мен көгалдандыруға, ауыз сумен қамтамасыз етуге және автожолдарды күтіп ұстауға жұмсалады.
Салтанат Қорабаева баяндамасын аяқтаған соң депутаттар бірқатар мәселені нақтылағанымен, талқылауда аса белсенділік таныта қоймады. Соған қарағанда бюджеттің жасақталуы халық қалаулыларының көңілдерінен шыққан сыңайлы.
Тұрақты комиссиялардың кеңейтілген отырысында бюджеттік бағдарламалар әкімгерлері: Салтанат Қорабаева экономика және қаржы бөліміне, Бауыртай Аманов ТҮКШ, ЖК және АЖ бөліміне, Зейнеп Жақсыбаева жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, Жанар Тоқсамбаева мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөліміне бөлінген қаржының қайда, қанша көлемде жұмсалатыны туралы баяндады.
Бұл жолы халық қалаулылары біршама белсенділік көрсетіп, әсіресе, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі маманы Бауыртай Амановқа сұрақты жаудырды. Сөйтіп, қалаға сағат орнатуға, субұрқақтарды іске қосуға, жаңа аялдамалар орнатуға жұмсалатын қаржы көлемін нақтылап, қаншалықты тиімділігін анықтағылары келіп еді, Бауыртай Аманов тұщымды жауап бере алмай, кібіртіктеп қалды. Бұған риза болмаған депутаттар келесі жолы бөлім басшысы Абай Хакімовтің өзі келіп түсінік беруін талап етті.
Енді атқарушы билік пен өкілетті билік бірлесіп жасаған 2026 жылға арналған бюджет сессияда қабылданатын болады.
Ж.Жәлелұлы






