Екібастұз өңірінде қала әкімінің халықпен дәстүрлі тоқсан сайынғы есептік кездесуі өтті. Алғашқы жүздесу Ақкөл ауылдық округіне қарасты Зелёная роща ауылында болды. Жергілікті тұрғындармен еркін форматта ұйымдастырылған кездесуде ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, шешімін күткен өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында тұрғындар бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан маңызды бастама – ауыл атауын өзгерту мәселесін тағы да ортаға салды. Ауыл халқы елді мекенге Жайылма атауын беруді ұсынып отыр. Қала әкімі Аян Бейсекин аталмыш ұсыныстың тиісті мемлекеттік органдарға жолданғанын айтты.
– Елді мекендердің атауын өзгерту мәселесін ономастикалық комиссия қарайды. Бұл – белгілі бір тәртіп пен рәсімге бағынатын үдеріс. Дегенмен тұрғындар тарапынан көтерілген бастама назардан тыс қалған жоқ, құжаттар заңнамаға сәйкес жолданды, – деді қала басшысы.
Жиын жергілікті мәдениет ошағы – ауыл клубында өтті. Осы ретте ауыл тұрғыны Салтанат Жакупова клуб ғимаратына жөндеу жүргізілсе немесе жаңа нысан салынса деген өтінішін жеткізді. Қала әкімі бұл сұраққа нақты жауап беріп, ауылдық елді мекендерде жаңа клуб салу әзірге жоспарланбағанын айтты. Себебі мұндай нысандардың тұрақты түрде пайдаланылуы мен сұранысы жеткіліксіз. Сонымен қатар, қала әкімі қолданыстағы ғимаратта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
Кездесуде интернеттің жоқтығы да көтерілді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, соңғы екі-үш айда ұялы байланыс пен интернет мүлде тұрақсыз. Сондай-ақ, тұрғындар ауылішілік жолдардың жағдайына және жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне наразылық білдірді. Бұл мәселеге қатысты округ аумағында бос жер телімдері бары, алайда оларды алу үшін белгіленген конкурстық рәсімдерден өтіп, қажетті құжаттар топтамасын ұсыну керектігі түсіндірілді.
Дегенмен кездесуге қатысқан ауыл тұрғындары соңғы жылдары елді мекеннің жалпы жағдайы жақсарып келе жатқанын мойындады.







