№27 сәбилер бақшасында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Ою Fest» тігіншілер сайысы өтті. Маман жұмысшылардың қоғамдағы рөлін көтеруді мақсат тұтқан шараны №№27, 28 сәбилер бақшасы ұйымдастырды.
– Тігінші – балабақшадағы бағалы мамандықтардың бірі. Олар балалардың әр мерекелік қойылымына, әр сахналық номеріне әдемі костюмдер дайындап, балабақшамыздың сәнін келтіріп жүр. Олардың еңбегі көп жағдайда көрінбей қалады, ал бүгін – сол еңбекті бағалау күні! – деп атап өтті сайысты жүргізуші.
– Тігінші – матаны кесіп, бөліктерін аяқталған үлгіге қосатын адам. Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі дәлдік, есеп, теңдік керек. Тігіншілер тігін фабрикасында, ательеде жұмыс істейді.
Олар әр түрлі киім тігеді. Ол – барлық операцияны орындауға қабілетті шығармашылық мамандық иесі. Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі, – деп, келесі жүргізуші мамандықтың қыр-сырын сипаттап берді.
Атап өтерлік жайт, ине-жіпті серік еткен жандар арасындағы сайыс қала балабақшалары арасында тұңғыш рет өткізіліп отыр.
№27 сәбилер бақшасының меңгерушісі Інжу Болатханның кіріспе сөзінен кейін №№27,28 сәбилер бақшаларының психологтары Динара Неғматқызы мен Арай Рамазанова сайыскерлермен мотивациялық тренинг өткізді.
Тігіншілер сайысы үш кезеңді қамтыды: «Таныстыру», «Үй тапсырмасы», «Шебер қолдар».
Таныстыру кезеңінде шеберлердің бірі өзін қарапайым түрде таныстырса, енді бірі ойын өлеңмен көркемдеп жеткізді. Өзі тіккен киімін киіп, өзі жасаған бұйымын тағып келгендер де болды. Бұл кезеңде №2 сәбилер бақшасынан келген Валентина Панфилованың Омбы қаласындағы Бүкілодақтық жеңіл текстиль және өнеркәсіп институтында білім алғанын білдік. №10 сәбилер бақшасынан қатысқан Айнұр Омарбекова әдемі киім, әуезді үнімен ерекшеленіп, өзін өлеңмен таныстырды. №27 сәбилер бақшасының тігіншісі Мәдина Асатуллаева өзінің моншақ шебері екенін жеткізіп, жасаған бұйымдарын паш етті. Келесі бөлімде әр үміткерге өз өнерін көрсету мүмкіндігі берілді. Шеберлердің басым көпшілігі жыл сайын өтетін дәстүрлі «Сәулетай» фестиваліне әзірлеген көйлек, тақияларын көрсетті. №4 сәбилер бақшасының маманы Жанар Құнанбаева 3 D үлгісінде тігіп әкелген көрпешесімен ерекшеленсе, №10 сәбилер бақшасынан келген Айнұр Омарбекова тігіп әкелген күлгін түсті көйлек пен тақия ерекше көз тартарлық болды. №8 сәбилер бақшасының шебері Айсұлу Жаудильдинованың өзі еңбек ететін балабақшаның 40 жылдық мерейтойында әріптестері үшін тіккен киімдері де креативтілігімен назар аударды. №6 сәбилер бақшасының маманы Шолпан Омарова ұл балалар мен қыз балалардың күнделікті киетін киімін таныстырды. Үшінші бөлім үй тапсырмасын аяқтауға арналды: тігіншілер үйден тігіп әкелген желеткелерді әрледі. Бұл жолы олардың жылдамдығы, ұқыптылығы, дәлдігі мен эстетикалық шеберлігі сынға түсті және желеткелерге оюды желіммен жапсырмай тігіп бекіту, мата мен оюды белгіленген үлгі бойынша таңдау талап етілді. Тігіншілік салада кәсіби жоғары білімі бар Валентина Александровна мен тағы бірқатар маманның шеберлігі осы кезеңде ерекше байқалды: олардың қолынан шыққан желеткенің тігісі көзге көрінбейді, ине-жіптің ізі жоқ тіпті.
Сонымен, сайыс қорытындысы мынадай болды: бас жүлдені №27 сәбилер бақшасының маманы Мәдина Асатуллаева жеңіп алса, 1-орынды Айнұр Омарбекова (№10 сәбилер бақшасы) иеленді. 2-орын №8 сәбилер бақшасының тігіншісі Айсұлу Жаудильдиноваға бұйырса, 3-орынды №2 сәбилер бақшасының маманы Валентина Панфилова қанжығалады. Басқа қатысушылар түрлі аталымдар сертификаттарын иеленді. Барлық сайыскерлерге білім бөлімі кәсіподағы атынан ақшалай сыйлықтар табысталды.
Атап өтерлік жайт, сайыс барысында тігілген қызыл түсті 17 желетке Екібастұз қаласының қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларын қолдау орталығында тәрбиеленіп жатқан 17 қыз балаға сыйға тартылды. Сонымен қатар, бұл күні қала балабақшалары осы орталық балаларына жемістер мен тәтті сыйлықтар апарды.
Ж.ӘБДІКӘРІМ







