11 желтоқсанда мектебімізде ел тарихындағы ең қастерлі даталардың бірі – 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай жас ұрпақтың рухын көтеріп, елдік санасын нығайту мақсатында «Тәуелсіздік және тұлға» тақырыбында тағлымды шығармашылық кездесу өтті.
«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының «Балалар кітапханасы» жобасы аясында ұйымдастырылған рухани басқосуға ақын, жазушы, журналист, Қазақстан жазушылар және журналистер одақтарының мүшесі, Екібастұз қалалық «Отарқа» газеті редакторының орынбасары Жассерік Сәдуақас құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Иманғалиева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дулат Тыныбеков және 10 «Б» сыныбының оқушылары қатысқан іс-шараны кітапханашы Еркін Ғапу жүргізді.
Тәуелсіздік мерекесінің тарихи мәнін айшықтап, елдік рухты асқақтатқан мазмұнды кіріспе сөзден кейін ортаға шақырылған 10 «Б» сыныбының оқушысы Темірбай Аяулым ақынның «Ғажап күн» атты өлеңін оқып, кездесудің шымылдығын шынайы сезіммен ашты.
Іс-шараның сұхбат бөлімінде қатысушылар Тәуелсіздік идеясының маңызы мен оның ұлттық әдебиетіміздегі көрінісін қаламгердің ой-пікірлері арқылы танып, оның шығармашылық жолы мен алғашқы кітаптарының шығу тарихы, сондай-ақ, газет шығару, ақпарат таратудағы қиындықтар мен қызықты оқиғалары туралы жүрекжарды әңгімелерін ерекше ықыласпен тыңдады, көкейдегі қызықтырған сұрақтарын қойып, жүйелі жауаптар алды.
Кездесудің ең бір әсерлі тұсы – 9 «А» сыныбының оқушысы Хумарбек Мақсаттың домбырамен орындауындағы Әбдірахман Асылбектің өлеңіне жазылған Әбиірбек Тінәлінің «Желтоқсан желі» әні болды. Әннің терең мұңы мен өршіл рухы тыңдаушыларды желтоқсанның ызғарлы түніндегі боздақтар тағдырына саяхат жасағандай ерекше күйге бөледі.
Іс-шараның соңғы бөлімінде 7 «А» сыныбының оқушысы Меңдіғали Әнуар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, кештің рухын одан әрі биіктетті. Қонаққа құрмет ретінде арнайы таңдалған «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы табыс етіліп, қаламгер оқушылармен бірге мектеп фойесіндегі Тәуелсіздік күніне арналған кітап көрмесінде естелік суретке түсті.
Бұл кездесу оқушылардың шығармашылыққа деген көзқарасын байытып, тәуелсіздік пен кәсіби өмірге қатысты ой-пікірлерін одан әрі тереңдетті.
Еркін Ғапу,
36 лицей-мектебінің кітапханашысы








