12 желтоқсан күні қала әкімі бастаған дербес бөлім басшылары, коммуналдық қызмет басшылары №18 мектепте өткен қала әкімінің 8, 8 «А», 9, 10, 11, 12, 13, 14, 15-шағынаудан тұрғындары алдында есеп беру жиынына жиналды. Өкінішке қарай, әншейінде әлеуметтік желіде әсіре белсенділік танытатын, коммуналдық қызмет пен жолдар сапасына көңілі толмайтын көпшілік бұл жиында төбе көрсетпеді. Кейінгі кездері есеп беру жиналысына тұрғындардың көп жиналмайтынын қала әкімі де атап өтті. Өз шағынауданына қатысты шағымдарын айта келген бірлі-жарым кісі сұрақтарына жауап ала алды.
М.Әуезов, 81-үйдің тұрғыны пәтерге берілетін тот басқан судың мәселесін шешіп беруді сұрады. Сонымен қатар таңертеңгі уақытта ыстық судың орнына ағатын суық судың көпке дейін жылымайтынына шағымданды. Ол, сондай-ақ, ауызсудың сапасына да күмән келтірді. Тұрғындар ПИК төрағасына ескерткенімен, әзірге нәтиже болмай тұр.
Тағы бір проблема, тұрғын үй аулаларындағы қар тазаланбайды. Бұл, әсіресе, зейнеткерлер үшін қиындық туғызуда. Балалардың ойын алаңшаларында да осы жағдай. Аян Уахитұлы бұл мәселеге қатысты жауапты қызметтерге ескерту жасады.
– Қар қалың түскенін білесіздер. Қатып қалғанын күтпей, тезірек тазалауға болмай ма? Соңғы кездері тұрғындар тарапынан шағым көбейіп тұр. Бұдан былай қалада қар дер кезінде күрелсін және бұл жұмысты менің орынбасарым қадағалайтын болады, – деген қала басшысы қар күреу жұмысына көңілі толмайтынын айтып, нақты тапсырмалар берді.
8-шағынаудан тұрғыны ауладағы футбол алаңшасын кеңейтсе деген тілегін білдірді. 80-ші жылдары салынған алаңшаның әбден тозығы жеткен екен.
– Алаңның көлемін кеңейту туралы әуелі сәулет, ТҮКШ бөлімдерімен ақылдасып алайық. Егер оның астында құбыр не электр сымдары болмаса, кеңейту жайын алдағы жылы қарастырамыз. Қаламызда осындай 28 футбол алаңы бар. Оларды қалпына келтіру 2026 жылға жоспарланып отыр, – деп жауап берді оған А.Бейсекин.
Кездесу барысында балалардың көз қуанышына айналған сырғанақтар жайы да қозғалды. Аян Уахитұлының айтуынша, биыл да қаламызда 5 сырғанақ салынады. Одан басқа әр шағынауданда шағын сырғанақтар құйылады. Осылай деген қала әкімі жауапты адамдарға бұл жұмысты жақын уақытта аяқтауды тапсырды.
Есеп беру кездесуінде өңірдегі оң өзгерістер туралы да айтылды.
Гүлсана ҚУАТҚЫЗЫ







