Қала әкімінің халық алдындағы кезекті есебі №26 гимназия-мектебінде өтті. Мұнда 1, 2, 3, 4, 5 «А», 5 «Б», 6, 7-шағынаудандардағы проблемалар қарастырылды. Кездесуде өңіріміздегі жыл бойы атқарылған игілікті істер тілге тиек етіліп, тұрғын үй-коммуналдық салаға қатысты арыз-шағымдар айтылды.
Сәтбаев көшесінің тұрғыны Ирина Александровна коммуналдық қызметтер ақысының өскеніне наразы.
– Үкімет 2026 жылдың 31 наурызына дейін ешқандай тариф өспейді деп мораторий жариялаған болатын. Соған қарамастан «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС қоқыс шығару ақысын көтеріп отыр. Бұл қалай болғаны? – деген тұрғын басқа да өтінішін жеткізді.
Аталған мекенжайда балалар алаңшасы жарықтандырылмаған көрінеді. Уақыт бір сағатқа кейін шегерілгеннен бері күн ерте бататыны белгілі. Тұрғындар ойын балалары үшін алаңдайды.
Осылай деген Ирина Александровна қала әкімінің осыған дейін атқарған жұмысына алғысын білдірді. «Бұған дейінгі кездесулерде айтқан өтініштеріміз аяқсыз қалмай, орындалып жатыр. Осы жолы да тілегіміз ескеріледі деп сенеміз», – дейді шағынаудан тұрғыны.
Қала әкімі Аян Бейсекин сұрақтарға жауап бере келе, қаладағы оң өзгерістерге де тоқталып өтті. Кейінгі екі жылда қала толық жарықтандырылды. Енді қалаішілік орамдарды жарықтандыруға күш салынуда. Бұл мақсатқа 1 млрд. 200 мың теңгеден аса қаржы бөлінген.
Келесі жылы 66 балалар ойын алаңшасы салынбақ. Бұған қоса балалар алаңшаларын жарықтандыру жұмыстары да жалғасын табады.
– Ал қоқыс мәселесіне келсек, бұл – мәжбүрлі қадам, – деді қала басшысы А.Бейсекин. – Өздеріңіз куә болып жүргендей, қоқысты жинау, шығару, тасымалдауға бұрынғыдай шағым жоқ. Арнайы көліктерін де жаңартып, сапалы қызмет көрсетуде. Оған қыруар қаржы кететіні мәлім. Жанар-жағармай құны да арзандап жатқан жоқ. Бұларға қоса жұмысшылардың еңбекақысын да көтеру қажет болды. Сондықтан қалалық мәслихаттың шешімімен «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС-нің тарифін көтеру жөніндегі ұсынысын қолдадық.
Тимур Қаржасбаев есімді азамат көпқабатты тұрғын үй аулаларын асфальттау туралы айта келе, өзі тұратын үйдің алдына жөндеу бұйырмағанына реніш білдірді. Айтуынша, аталған жерге 1989 жылдан бастап, яғни, тұрғын үй салынғанан бері жөндеу жүргізілмеген. Жолды асфальттау жайын 2024 жылдан бері көтеріп жүрген тұрғын қала әкімінің өткен жолғы есеп беру кездесуінде де арызданыпты. Азаматтық қабылдауда арызын ТҮКШ бөлімі басшысына да жеткізіпті. Тіпті облыс басшылығына да жазыпты.
Т.Қаржасбаев көтерген тағы бір мәселе – «Жасыбай» спорт мектебі маңындағы футбол алаңының жағдайы. Оның айтуынша, алаңның асфальті шұрық-тесік, кей тұстарында темір шыбықтар көрінеді. Мұндай алаңда ойнау балалар үшін қауіпсіз емес. Қала әкімі бұл жағдайды зерттеуге тапсырма беріп, алдағы жылдың жоспарына кіргізуді қарастырып көретінін айтты.
Айта кетсек, Екібастұз қаласында 280 аула бар. 100-ден аса аула биыл асфальтталыпты. Қалғаны келесі жылдардың еншісінде. Қала әкімінің айтуынша, бір ауланы жөндеу үшін 35-40 млн. теңгедей қаржы керек екен. Келесі жылы, сондай-ақ, 20 спорт алаңын қайта қалпына келтіруге қаржы бөлінбек. Нақты «Жасыбай» БЖСМ-дегі алаңның мәселесін қарастырғанда, аталған футбол алаңы облыстық спорт басқармасының меншігінде екені анықталды. Алдағы уақытта оны қала меншігіне алып, содан кейін ғана жөндеу жүргізуге болады.
Мәшһүр Жүсіп, 50-үйде тұратын Александр Александровичтің биыл жазда асфальтталған жұмыстарға көңілі толмайды. Жаңбыр жауғанда су жиналатынын айтып шағымданған ол баскетбол алаңындағы бұзылған нысанды жөндеу қажеттігін еске салды. Айта кетсек, баскетбол алаңының кепілдік мерзімі әлі өтпеген. Сондықтан мердігер өз есебінен қалпына келтіруге міндетті.
Жиналған жұрт автобус қозғалысына қатысты да ойларын білдірді. Осы орайда қаладағы автобус паркі толық жаңартылғанын атап кеткен абзал. Әйтсе де маршруттың интервалдарды сақтамайтынына көптің көңілі толмай жүр. Аялдамалардың арасын жақындатуды сұраған тұрғын «Жақындату қарастырылмайды» деген кесімді жауап алды. Себебі стандарттарға сәйкес аялдамалардың арасы 1,3-3 мың метр болуы тиіс. Қаламызда онсыз да бұдан жақын орналасқан аялдамалар бар екен.
Кездесу барысында тұрғындардың басқа да талаптары назарға алынып, жауапты орындарға тапсырма берілді.
Г.Медеубайтегі







