Павлодар облысының өнерпаздарын бір сахнаға тоғыстырып, ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатқан ауқымды жоба – «Өнер додасы – 2025» облыстық байқауында екібастұздық өнерпаздар жарқын жеңіске жетті.
Байқау барысында қатысушылар жеті жанр бойынша өзара сынға түсіп, өнердің сан қырын паш етті. Нәтижесінде Екібастұз қаласының өнер ұжымдары мен жеке орындаушылары жоғары деңгейде өнер көрсетіп, бас жүлдені иеленді.
Қала әкімі Аян Бейсекин облыстық өнер додасында үздік атанған жеңімпаздарды арнайы құттықтады.
— Құрметті жерлестер, баршаңызды үлкен мәртебелі жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Екібастұз – даму әлеуеті жоғары өңір: спортта, мәдениет пен шығармашылықта зор жетістіктерге жетіп жүрген азаматтарымыз бар. Сіздер тек қала деңгейінде ғана емес, облыстық, республикалық деңгейде де лайықты өнер көрсетіп, ел мерейін үстем еттіңіздер. Жастарды тек біліммен ғана емес, шығармашылық және спорттық бағытта да дамыту — маңызды міндет. Осы жолда рухани дамуға, мәдени байлығымызды арттыруға қосып жүрген үлестеріңіз зор. Алдағы асуларыңыз биік, алар белестеріңіз көп болсын.
Салтанатты шара барысында қала әкімінің алғыс хатымен бірқатар сала мамандары мен өнер өкілдері марапатталды. Олардың қатарында «Атамұра» мәдениет орталығының директоры Нұрсұлу Төлеубаева, Естай атындағы балалар музыка мектебінің директоры Әсемгүл Докулова, «Жоламан-ЭК» ЖШС директоры Әбуислам Цинаев, дәстүрлі әнші әрі ұстаз Әсет Азамат, «Атамұра» мәдениет орталығының көркемдік жетекшісі Гүлмира Алданова, әнші Алтынгүл Бақытхан, домбырашылар: Айбек Алпыс, Зарема Әуелбек, Қайрат Тохан, «Атамұра» халықтық ұлт аспаптар ансамблінің мүшесі, аккомпаниатор Ербол Ахаев, «Нәзік» үлгілі хореографиялық ансамблінің жетекшісі Диана Арыстанова, термешілер: Айдын Бейсен, Тілеген Біләл, Дархан Илеубаев, айтыскер ақын Бексұлтан Қайдаров, сыбызғышы Архат Қайратов, қобызшылар: Сымбат Жакишева мен Гүлшат Нартбаева, күйші Ілияс Көпежанов, дәстүрлі әнші Сұңғат Көпежанов, термеші Сайлаубай Тілек, күйші Мадияр Теміржан, сондай-ақ, жас өнерпаз Әміржан Бейбітұлы бар.
Сонымен қатар қала әкімінің атынан жеңімпаз өнерпаздарға 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Шара соңында өнерпаздар күй шертіп, әсем ән орындап, жиналған көпшілікке рухани әсер сыйлады.
Ұлттық өнердің насихатшысы болып жүрген өнер иелерін шын жүректен құттықтай отырып, шығармашылық табыс, жаңа белестер мен толағай жетістіктер тілейміз.
Ділназ Серікбай







