Екібастұз қаласы полиция басқармасының әкімшілік тәртіппен қамауға алынған тұлғаларға арналған арнайы қабылдау орнында отбасының тынышын бұзған адамдармен профилактикалық әңгіме өткізілді.
– Іс-шара барысында полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы «Отбасылық зорлық-зомбылық» және 109-1-бабы «Қудалау» бойынша қылмыстық жауапкершілік нормаларын түсіндірді, – деді отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы Бақытгүл Сейтқалиева.
Қатысушыларға агрессивті әрекетке жол берілмейтіні, заң талаптарын сақтау және қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу қажеттігі ескертілді.
Жыл басынан бері Екібастұз өңірінде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 600-ден астам өтініш тіркелген, оның 22-сінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған. Профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері 855 қорғау нұсқамасын шығарды, қорғау нұсқамасы талаптарын бұзған 92 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кенже ҚУАТ






