6 желтоқсан күні «Халық базарында» әдеттегідей ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Еттің молдығы сондай, базар аумағына сыймай, қоршау сыртына шығып кетіпті. Соғым іздегендер қаз-қатар тізілген көліктерді жағалай жүріп, таңдауда. Сатушы жақ жабағы-тай етінің 1 килосын 2700-2800 теңге, ал байтал-бие етінің 1 килосын күйіне қарай 3100-3200 теңгеге бағалап тұр. Ал сиыр етінің 1 килосы – 3000 теңгеден.
Қысқасы, қалта көтерсе, қалаған етті сатып алуға әбден болады. Мал етіне қоса, базарда құс еті де көбейіпті. Қаз-үйрегін саудалап тұрған жас жігітпен әңгімелестік.
— Жыл сайын шамамен 400 қаз, 300 үйрек өсіремін. Жаз ішінде инкубатордан қаз балапанын 2 мың, үйрек балапанын 1 мың теңгеден сатып алған едім. Үш-төрт ай жемдеп күтіп, алғашқы қарға аунатып, енді базарға шығардым. Қаз етінің килосы – 3300 теңгеден, үйрек еті 2800 теңгеден, — дейді Жасұлан Ахметов – Железинка ауданы Жаңабет ауылының азаматы.
Айтпақшы, біз әңгімелесіп тұрғанда таныс жігіт ағасы бір қазды 16 мың теңгеге сатып алды. Соған қарағанда, құс өсірудің пайдасы бар-ау деп топшыладық. Әйтсе де әр кәсіптің өз қиыншылықтары болады ғой. Сөре жағалап келе жатқанда, бір мосқал адам тоқтатты.
— Сіздің журналист екеніңізді білемін. Мен – Екібастұз қаласының тұрғынымын, зейнеткермін. Бірнеше жылдан бері тауық өсіруді кәсіп етіп жүрмін. Әуелгіде тәп-тәуір табыс әкелуші еді, бірақ жылдан-жылға жемі мен витамині қымбаттап барады. Бір ғажабы, Павлодар қаласында тірі бидайдың 1 килосы – 85 теңге, ал Екібастұздағы «У Адама» дүкенінде — 160 теңге. Бор мен витаминдер бағаларындағы айырмашылық та едәуір. Неге бұлай? – деп Сексен Ахметов бағаларға қатысты бұйымтайын атқарушы биліктің құлағына жеткізуді өтінді.
Жалпы, бағаларды өсіретін делдалдар екені белгілі. Жәрмеңкеде бір азамат картоп пен сәбіз, пияз саудалап тұр. Картоп та, сәбіз де 200 теңгеден.
— Өнімдер қай жердікі? — деп сұрап едім, «Ақтоғай-Агродан» деген жауап естідім.
— «Ақтоғай-Агро» пияз өсірмейді емес пе, — деген сөзіме сатушы жігіт үндемей теріс бұрылып кетті. Содан-ақ оның өсірушілерден өнімді көтере сатып алушы делдал екені белгілі болып қалды. Бағалардың осылайша тоқтаусыз өсе беруіне тосқауыл қойылуы керек-ақ. Осы орайда, үкімет елдің құлағына жағымды қадам жасағалы отырғанын таңертеңгілік «Хабар 24» телеарнасынан естіп, «бәрекелді!» дестік.
Енді сол туралы нақтырақ айталық. Әлеуметтік маңызды тауарлар деген ұғым бар. Үкімет оған 19 түрлі азық-түлікті енгізіп, Тұрақтандыру қоры арқылы белгіленген бағаны ұстап отыр. Алдағы уақытта үкімет әлгі тізбені біршама кеңейтіп, оған жылқы, сиыр етін, сүт өнімдерін, балық түрлерін және жас қияр-қызанақты енгізуді қарастырып жатыр екен. Бұл өзекті мәселе қоғамдық талқылауға шығарылады. Егер оң ұйғарым жасалса, жаңа жылдан соң әлеуметтік маңызды тауарлар тізбесі кеңейтіледі. Ал өнім өндірушілер мен өңдеушілер жапа шекпеуі үшін үкімет оларға коммуналдық қызметтер тарифін тұрақты етіп, жеңілдетілген субсидиялар бермекші. Ендеше, әліптің артын бағып, жақсы хабар күтейік.
Ж.Жәлелұлы







