Кездейсоқ кездескен Ербол ақжарқын азамат екен. «Жылқы кісініскенше, адам сөйлескенше» деп бекер айтылмаған ғой, сүт пісірім уақыт ішінде екеуіміз емін-еркін әңгімелесіп кеттік. Екібастұз қаласындағы №17 мектепте орысша оқыған Ербол ана тілінде көсіле сөйлеп сүйсіндірді. Өз жұрты да, нағашы жұрты да Қарқаралы жақтан болып шықты. Бала күнінде әке-шешесінің туған ауылына жиі барып, жазғы демалысты қарағайлы таулардың бөктерінде өткізгенінің пайдасы тиіп, қазақы болмысын сақтап қалыпты. Отыз төрт жастағы жігіт бүгінде «Шығыс» кенішінде конвейерлер ленталарын жөндеу учаскесінде электрик болып жұмыс істеп жүр.
– Мектеп бітірген соң Екібастұз инженерлік-техникалық институтының колледжінде оқып, электрмонтер мамандығын меңгердім. «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ «Шығыс» кенішіне жұмысқа орналасқаныма он бір жыл болды. Кенішке келер алдында электрслесарь даярлау курсынан өттім. Әуелгіде үш жыл жөндеу-механикалық учаскесінде крандарды жөндеу бригадасында еңбек етіп, ысылып, тәжірибелі мамандардан көп нәрсені үйрендім. Содан кейін конвейерлер ленталарын жөндеу учаскесіне электрик болып ауыстым. Біздің міндетіміз – конвейер ленталары мен электр жабдықтарында ақау болса, соларды жөндеу. Бригадада 4 электрик бар. Екі-екіден екі күннен жұмыс істейміз. Бастапқыда 3-разрядты маман едім, сынақтар тапсыра келе 5-разрядты маман болдым. Қасымдағы серігім – Антон деген жас жігіт. Қазір соған білгенімді көрсетіп, ақыл-кеңес беріп жүрмін, – дейді Ербол Серікбайұлы әңгімесін сабақтап.
Ербол Кәрімов сөзінде өз кәсібін ұнататынын, жұмысшы мамандығын таңдағанына өкінбейтінін айтты. Кеніштегі айлығы қанағаттанарлық екен. Оның үстіне, әлеуметтік пакетте тіс емдетуге, дәрі-дәрмек сатып алуға және тағы-тағыларына жеңілдіктер қарастырылыпты.
Ер азамат – отбасының асыраушысы. Осы орайда, Ербол Кәрімов «Евразия» медициналық орталығында электрик болып қосымша еңбек етіп те табыс табатын көрінеді. Олай ететіндей жөні бар. Ербол Серікбайұлы – бес баланың әкесі. Келіншегі Айнұр қазір биыл өмірге келген сәбиін күтіп үйде отыр екен. Декреттік демалысқа шыққанға дейін қала әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінде статист болып қызмет істепті.
– Көмір кенішінде еңбек ету үшін қажырлы болу керек. Жаздың ыстығында, қыстың суығында ашық далада жұмыс істеу де жеңіл емес. Жұмысқа таңертең ерте кетіп, үйге кеш ораласың. Мұның бәріне төзім қажет. «Ауырдың үсті, жеңілдің астымен» жүргісі келетіндер жұмысшы болып жарытпайды. Қиындықты көтере білетін, қайратты да табанды азаматтар, керісінше, жұмысшы атын асқақтатып, қадірлі етеді, – деп сөзін түйіндеді Ербол Серікбайұлы.
Жұмысшы мамандығын таңдауды ойлап жүрген жастар біздің кейіпкеріміз – Ербол Кәрімов тәрізді жігерлі де білікті ағаларынан үлгі алса, келешекте дүниеге бір кірпіш болып қаланып, өндірістің өрге басуына пайдаларын тигізері анық.
Ж.Жәлелұлы







