Қыс – өзіндік қызығы мол мезгіл. Аппақ қары, сырғанағы және мұзайдынымен балаларды ертегі әлеміне жетелейтін маусым. Десе де қыстың жарақатты көбейтетін қырсық қырын да естен шығармаған абзал. «Сақтансаң – сақтайды» қағидасын қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте
№3 емхананың педиатр дәрігері Құралай Жәукебаева тарқатып, ата-аналарға пайдалы кеңестер айтты.
– Біріншіден, балаға аяқ киімді дұрыс таңдау керек: жұмсақ резеңкеден жасалған, су өткізбейтін, өкшесі жоқ қырлы табаны бар аяқ киім жақсы. Қолғаптар, шарф, су өткізбейтін материалдан жасалған жылы бас киім керек. Екіншіден, балаға жан-жағына назар аудару мен сақтық шараларын түсіндіріңіз. Баланы тайғақ көшеде жүруге үйретіңіз: асықпау керек, оқыс қозғалыс жасамай, үнемі аяғының астына қарауы керек. Мұз үстінде қолды қалтаға салып жүру қауіпті, құлаған кезде бірдеңеге қол іліктіріп үлгеру мүмкін емес. Бала құлап қалған жағдайда алғашқы көмек жасай білу керек. Егер жеңіл жарақат алса, жарақат пайда болған жерге салқын затты басамыз, сырылған жерлерді сутегі асқын тотығымен жуып, йодпен немесе зеленкамен өңдейміз. Қатты жарақат алса, міндетті түрде медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгінеміз. Асқынудың жоқ-
тығына көз жетсе ғана ары қарай үй жағдайында бақылаймыз, – дейді Құралай Берікқызы.
Қыста жол-көлік жарақаттарының саны көбейеді. Балаға жолды кесіп өткенде жүгіру қауіпті екенін ескерту қажет. Жолдың жүру бөлігін тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы кесіп өту керек. Сондай-ақ, балаларға түрлі-түсті ашық бояуы бар киім кигізген жөн: бұл қараңғыда жүргізушілердің баланы анық көруіне мүмкіндік береді.
Қыста жарақат тізіміне тілмен темірге жабысу қаупі де қосылады. Балаңызға аязда темір бұйымды тілмен жалап, дымқыл қолмен темір заттарды ұстамау керектігін түсіндіруге тырысыңыз. «Эксперименттер» жасау қатерлі. Мұндайда тіл, ерін немесе қол металға жабысып қалады. Жабысып қалған жағдайда затты ешқашан тартпаңыз немесе жұлқымаңыз; оны жылы немесе суық сумен (немесе сілекеймен) ылғалдандырыңыз. Жабысқан жерді босатқан соң қан тоқтату үшін тампондар пайдаланамыз, егер қан тоқтамаса, дереу дәрігерге көрінеміз.
Қыстың тағы бір қаупі – үсік. Суықтың әсерінен тіндердің зақымдануы тек төменгі ауа температурасында ғана емес, сонымен қатар, аяздан жоғары температурада, әсіресе, қар қалың кезде, ылғалды ауа райында, дымқыл киім, тығыз аяқ киім кигенде болуы мүмкін. Көбінесе саусақтар мен бет, мұрын, құлақтар аязға шалдығады. Үсік көбінесе байқалмай, ешқандай ауыртпалықсыз пайда болады, сондықтан баланың бетінің қызаруының түсіне назар аудару керек (қалыпты қызару жұмсақ қызғылт түсті, егер ол біркелкі болмаса, ашық қызыл немесе ақ дақтары болса – бұл үсік). Үсік шалған жағдайда теріні қармен сүртпеңіз, ыстық сумен немесе радиатормен жылытпаңыз. Теріні қолыңызбен немесе жүн матамен сүрткен дұрыс. Сондай-ақ, балаңызға мүмкіндігінше тезірек ыстық сусындар беріп, киімін ауыстырыңыз. Егер аяқ-қолдарында жарақат болмаса, аяқ-қолдары жылынған соң балаңызды ыстық ваннаға жатқызуға болады. Көпіршіктер пайда болса, дереу жедел жәрдем шақырыңыз.
Балалардың қыста ойнайтын жерін бақылау да маңызды. Қар лақтырып ойнау көзді зақымдауы мүмкін, сондықтан ересектердің міндеті – баланың бетін қар кесектерінен қорғау, әсіресе, мұзды қыртысы бар және кесек қардан басын қорғауды және оларды лақтырмауды ескерткен жөн.
Шана, шаңғы, коньки – балалардың сүйікті ермегі. Шананың ақауының жоқтығын, шаңғының баланың аяғына мықтап және дұрыс бекітілгенін, ал конькилердің дене мөлшеріне сәйкес келетіндігін тексеру қажет.
Егер сіздің балаңыз қысқы спорт түрлерімен айналысатын болса, оның спорттық киімдеріне ғана емес, сонымен қатар, қорғанысқа да назар аударыңыз: тізе жастықшалары, шынтақ жастықшаларымен қамтамасыз етіп, омыртқаны қорғауға көңіл бөліңіз, бұл жарақат алу мүмкіндігін айтарлықтай азайтуға көмектеседі.
Ж.ЖАНДОС







