5 қараша күні «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында Қазақстан халқы ассамблеясының
30 жылдығына арналған облыстық «DOSTYK CUP» әзілкештер байқауы өтті. Жастар бастамаларын дамыту орталығы ұйымдастырған сайысқа Павлодар мен Екібастұз қалаларынан, Баянауыл, Шарбақты және Ертіс аудандарынан жиналған алты команда қатысып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Залға жиналған оқушылар мен студенттер жастар арасындағы әзіл додасының ерекше атмосферасын сезініп, әр ойыншыны қолпаштап отырды.
«Жайдарман» сайысы жас таланттардың өзін көрсетуіне, шығармашылық қабілетін шыңдауына және этнос өкілдері арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталды. Кештің жүргізушісі Бекарыс Абдулла ойын барысын ширақ жүргізіп, жастардың шығармашылық жігерін арттырып отырды.
Байқау қатысушылары алғашқы таныстыру кезеңінде-ақ өз бағыттарын, әзіл мәнерін және сахналық стилін айқын көрсетті. Екібастұздың «Біз қазақпыз» командасы ұлттық нақыштағы астарлы әзілдерімен ерекшеленсе, Баянауылдың «Ойнап айтам» тобы тұрмыстық жағдайға құрылған шағын көрініс ұсынды. Павлодар облысынан келген «Почти городские» командасы қазіргі жастар өмірінен алынған қысқа да нұсқа әзілдері арқылы көрерменнің ықыласына ие болды. Бұл жолы командалар тек сахналық ойынмен шектелмей, алдын ала дайындаған бейнероликтерін де таныстырды.
Келесі кезеңдерде қатысушыларға тақырыптарды еркін форматта ашу міндеттелді. Командалар мәтіннің үйлесімділігі, актерлік ойын және сахнадағы қозғалыс дағдыларын көрсетті. Бірі өңірлік ерекшеліктерді әдемі астарласа, енді бірі күнделікті өмірдегі әлеуметтік мәселелерді ұтымды әзілмен жеткізді. Әзілдердің өзектілігі және команда мүшелерінің қабілеттілігі қазылардың назарынан тыс қалған жоқ.
Байқауды Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, «Қоғамдық келісім» РММ аға сарапшысы Мейіржан Нұрадинов, Екібастұз қалалық мәслихатының төрағасы Нияз Макраев, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Нүрия Кубенова және ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев сараптады. Қазылар алқасы әзілдің сапасына, сахналық мәдениетке және топтық үйлесімділікке ерекше мән берді.
Байқау қорытындысында бас жүлде Екібастұздың «Біз қазақпыз» командасына бұйырды. І орын — «Почти городские» (Павлодар облысы), ІІ орын — Баянауыл командасы, ІІІ орын Шарбақты ауданының еншісіне тиді. «Көрермен көзайымы» номинациясына Павлодар қаласының «Ойбай» командасы лайық деп танылды.
Ділназ Серікбай








