Өңірде жыл сайын өткізілетін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы әйелдер мен балаларды қорғау, тұрмыстық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және тұрғындарды осы саладағы заңнамалық өзгерістерден хабардар етуге бағытталған маңызды бастама саналады.
Биылғы шара аясында 9 желтоқсан күні «Достық үйінде» студенттермен кездесу ұйымдастырылды. Оған Екібастұз өңірі «Аналар кеңесінің» төрайымы Маруаш Сағындықова, Екібастұз қаласы полиция басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы Бақытгүл Сейтқалиева, ПБ қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығының орынбасары Самат Омаров және криминалдық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Данияр Камзин қатысты.
Кездесу барысында Бақытгүл Сейтқалиева акция кезінде атқарылған жұмыстарды тілге тиет етті. Оның айтуынша, тұрмыстық құқық бұзушылыққа бейім 211 адам мен қиын жағдайда өмір сүріп жатқан отбасылар тексеріліп, мейлінше кешенді көмек көрсетіліпті.
— Акция барысында 30 жәбірленушіге қорғау нұсқамасы берілді. Бір азамат нұсқама талаптарын бұзғаны үшін жауапқа тартылып, сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар, тоғыз құқық бұзушыға мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар қойылып, екі адамға психологиялық көмек көрсетілді. Басты мақсат — қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, — деді ол.
Статистика көрсеткендей, тұрмыстық жанжалдарға байланысты өтініштердің басым бөлігі күнделікті өмірдегі тұрмыстық кикілжіңдерден туындайды. Жыл басынан бері 646 шағым тіркеліп, 480 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 2024 жылдың 16 маусымынан бастап заңнама күшейтіліп, «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» және «Ұрып-соғу» әрекеттері енді Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды.
Қазіргі уақытта 10 қылмыстық іс қозғалыпты. Оның бесеуі — қасақана жеңіл жарақат келтіру, қалған бесеуі — ұрып-соғу фактілері. Тұрмыстық қылмыстардың алдын алу үшін учаскелік инспекторлар 855 қорғау нұсқамасын шығарып, оның талаптарын бұзған 92 адам жауапқа тартылған. 252 құқық бұзушыға мінез-құлқына қатысты ерекше талаптар белгіленіп, 16 адамға психологиялық көмек берілген.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу — тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әр отбасының тыныштығы мен амандығы – елдің болашағының кепілі. «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы осы мәселеге қоғам назарын аударып, тұрмыстық қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға өз үлесін қосып келеді.
Ділназ Серікбай







