Екібастұз аумағындағы екі ірі көмір кәсіпорнының бірі – «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ «Шығыс» кеніші биыл 40 жылдық мерейтойын атап өтіп, өз жылнамасына кеніш ашылғаннан бері қазылып, тиелген көмірдің 700 миллионыншы тоннасын жазып үлгерген болатын.
Айтуға жеңіл осынау сандардың ар жағында, әрине, күн сайын көмір тозаңын жұтып тер төгіп жүрген еңбеккерлердің күш-жігері жатыр. Кеніште еңбек етудің қаншалықты қиын екенін бір рет те болсын көмір қазу машақатын көзбен көрген адамдар біледі. Ол жерде адам өміріне ең қажет нәрсе – таза ауа тапшы. Сол себепті биыл «Шығыстың» 40 жылдық мерейтойында кеніштің қарапайым жұмысшысы – №1 көмір өндіру учаскесінің экскаватор машинисі Ерсайын Сейфуллин мемлекеттік награда – «Құрмет» орденін таққанда, адал еңбек лайықты бағаланған екен десіп, қуандық.
Орденді еңбек батырын «Отарқа» оқырмандарына таныстырмаққа редакцияға шақырдық. Екі иығына екі кісі мінгендей батыр тұлғалы, еңсегей бойлы азамат батырлар жырындағы Ер Сайынды еске түсіретіндей.
– 1973 жылы 14 ақпанда Баянауылдың Шоманкөл ауылына қарасты Ақанкәдір елді мекенінде дүниеге келдім. Әкем Ғинаят малшы болды. Мен туған жылы әкем Ленин орденін тағып, облыстық кеңеске депутат болып сайланыпты, – деп, Ерсайын аға өзінің әкесі үшін ақжолтай перзент болғанын меңзеп өтті.
Ауылдағы кәсіби-техникалық училищені бітіріп, Отан қорғау міндетін атқарып келгеннен кейін, Ерсайын Майкөбенге жұмысқа орналасады. Кейін Екібастұздағы №4 кәсіптік-техникалық училищеде экскаватор мамандығын меңгеріп, «Сарыкөл» кенішіне ауысады.
2006 жылдан бері кеншінің еңбек жолы «Шығыс» кенішінде өріліп жатыр. Бастапқыда біршөмішті экскаваторды тізгіндеді. Мұнда жұмысқа келгенде, Ерсайынға тәжірибелі экскаваторшы Юрий Путилов тәлімгерлік жасап, жұмыстың қыр-сырын үйретті. Ағалық ақылын аямады.
Кейін көмір кораблі – №4108 «SRs(K)-2000» экскаваторына отырды. Заманауи үлгіде жабдықталған бұл алып техниканың іші өз үйіңдегідей жайлы-ақ. Жұмысшыға бар жағдай ойластырылған. Биіктігі 15 қабатты үймен бірдей темір айдаһардың салмағы 2500 тонна шамасында. Кеніштегі мерейтойлық көмір тонналарын қазып, көпшіліктің көзайымына айналып жүрген техника.
Ерсайынмен бірге аталған учаскеде учаске басшысы Денис Гордонов, бригадир Ерғанат Амренов, сонымен қатар, Мейіржан Есенбаев, Азамат Сәрсенбаев, Николай Маруда, Жанасыл Қали жұмыс істейді. «Ұжымымыз жайлы, еңбекте жақсы көрсеткішке жетіп жатқанымыз – осы жігіттердің арқасы ғой», – дейді кейіпкеріміз.
Ерсайынның өр тұлғасымен жарасым тапқан «SRs(K)-2000» экскаваторы бір сағаттың ішінде 4500-5000 тонна көмір қазатын қуатқа ие. Ертегідегі дәулердей иіліп кеп, экскаватор роторын қара алтынның қабатына кіршілдетіп батырып кеп жібергенде, Ерсайынның көз алдына өз заманының еңбек батыры болған әкесі Ғинаят елестейді: малшылықтан кейін диқандық жолға түскен ол да егістікте сары алтынды дәл осылай жапырушы еді ғой. Еселі еңбегінің арқасында өңіріне Еңбек Қызыл Ту орденін қадап, 1976 жылы Мәскеуге кооперацияның 7-съезіне, кейін Қазақстан Компартиясының 14-съезіне қатысты, 1985 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесі тарапынан Ғинаят Сейфуллин басқарған І бөлімше Құрмет тақтасына еніп, 1000 соммен марапатталған-ды. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бүгінде Ерсайынның әкесінің еңбек майданындағы абыройлы жолын жалғап келе жатқан жайы бар. Тек әкесінен айырмашылығы – қазғаны қап-қара көмір болғанымен, экскаваторшы жігіттің алақаны мен киімдері қара майға малшынбайды.
– Әрбір жұмыс күніміз техниканы қарап шығудан басталады. Одан соң қағаз-құжаттарды толтырамыз. Жұмысымыз толығымен цифрландырылған – ми жұмысын қажет етеді, тетіктерді дұрыс басуыңды біл. Отыратын кабинам айнадай таза, бәрі заманауи. Жұмысшыларға кәсіпорында әлеуметтік қамқорлық барынша жасалады. Моншамыз жап-жаңа болғанына қарамастан, таяуда тағы да жөндеуден өтті. Ана бір жылы Сарыағашта демалып келсем, биыл жұмыс орнымның қолдауымен Мойылдыда ем-дом алдым. Ақсуда да кеніштің демалыс орны бар. Медициналық көмекті жекеменшік емханада аламыз, – дейді Ерсайын.
Технологияның қарыштап дамуы әр сала еңбеккерлерінен ізденіс пен жаңашылдықты талап етеді. Бұл орайда кенші жігіт те қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, өсіп-даму үстінде. Уақыты келгенде қаладағы Қ.Пішенбаев атындағы тау-кен техникалық колледжінде біліктілік арттыру курстарынан өтіп тұрады.
Ерсайын Ғинаятұлы кеніштегі әлеуметтік жағдайға да, ұжымдағы ахуалға да, еңбегі үшін төленетін жалақысына да дән риза. «Жастар жұмысшы мамандығына қалай қарайды? Сіздің «штурвалыңызға» сұраныс болмай қалады деген қорқыныш жоқ па? – деп сұрадым экскаваторшыдан.
– Бізге тәжірибеден өтуге жастар жиі келіп тұрады. Жастардың ұмтылысына, білсем деген талпынысына қарағанда, экскаваторшы еңбегінің маңызы төмендемейді деп ойлаймын, – дейді ол.
Ер азаматтың ісінің алға басып, көңілінің тоқ болуы отбасындағы тыныштыққа тікелей тәуелді емес пе. Бұл тұрғыда зайыбы – №28 балабақшада медбике болып еңбек етіп жүрген Гүлнәр Жұмағалиқызы үйдегі төрт балаға тәрбие беріп, Ерсайынмен тағдыр жүгін бірге арқаласып келеді. Отбасының тұңғышы – Саян «Богатырь» кенішінде механик, дәрігер келіншегі екеуі ата-анасына екі немере сүйгізіп отыр. Қыздары Айнара – тұрмыста, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде оқытушы. Темірлан студент болса, Ернар 6-сыныпта оқиды.
Ерсайын Ғинаятұлы – әр кеншіге арман болған «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері. Жұмыстан қолы қалт етер болса, орденді кенші туған топырағына ат басын бұрып, мал шаруашылығына ден қояды. Анасы Рымтай туған Қызылшілік, әкесінің тері сіңген Шоман мен Ақтас даласында көңіл қыранын көкке қалықтатып қайтады…
Жанаргүл ҚАДЫРОВА







