Қаламыздағы өлкетану музейінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік – тұғырым» атты тарихи-танымдық кездесу өтті. Шараға қала жастары, ардагерлер, мұғалімдер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты. Орталық кітапхананың қызметкерлері Желтоқсан көтерілісіне арналған кітап көрмесін таныстырды. Кештің қонағы – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қатысушысы, №36 лицей-мектебінің мұғалімі Күлия Исабекова алаңға шыққан жас буынның өр рухы туралы жүрекжарды естеліктерін бөлісті.
Оның айтуынша, 16 желтоқсанда алаңға адам көп жинала қоймаған, 17-сі күні жастар бір-бірінен естіп, топ-тобымен келіп қосыла бастаған. Алаңға жетуге ұмтылғандардың қатарында Күлия Мұсабекқызы да болған.
— Жастардың бар мақсаты өз талап-тілегін басшылыққа жеткізу еді. Мен ол кезде Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының 3-курс студенті болатынмын. 16 желтоқсан таңында «Алаңда халық жиналып жатыр» дегенді естігенде бәрімізді белгісіз қобалжу биледі. Қонаевтың қызметтен алынуы, Колбиннің тағайындалуы әділетсіздік екенін ойлап, намысымыз лаулады. Оқу орны басшылары сыртқа шығармауға тырысқанымен, ішіміз алай-дүлей болды. Кешке жатақханаға оралған қыздардың үсті-басы көбікке малынғанын, күйген резеңкенің өткір иісі аңқып тұрғанын көргенде ғана жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсіндім, – деп еске алды ол.
Сол күні студенттер мен жұмысшы жастар Алматыдағы Брежнев (қазіргі Республика) алаңына жиналды. Алғашқы күні бейбіт сипатта басталған митинг бірқалыпты, тәртіппен өтсе, келесі күні алаңға әскерилер қойылып, билік ереуілшілерді жазалауға кіріседі.
— Шамамен отыздай студент сағат түнгі бірден кете жатақхананың екінші қабатынан секіріп, алаңға қарай жүгірдік. Біз үшін ең маңыздысы әділетсіздікке қарсы тұру еді. Алаңға барған жастар аязда дірдек қақса да, бір-бірінен ажырамауға тырысып, әскерилердің қоршауына қарамай, рухын түсірмеді. Түнде от жағып жылындық. Әскерилер кешкісін төбеден прожектор түсіріп тексеріп жүрді. Сол сәтте алаңға жиналған жастардан қайсарлық көрдім. Әскерилердің қысымы күшейіп жатса да, шегінгіміз келмеді. Таңертең жатақханаға оралғанда кейбір студенттердің ұсталғанын естіп, еңсеміз түскен еді. Желтоқсан оқиғасы еркіндіктің қандай бағамен келгенін ұқтырды, – деді Күлия Исабекова.
Кеш соңында қатысушылар Желтоқсан оқиғасын бейнелейтін деректі бейнематериалдар көріп, көтерілістің тарихи себептері мен салдары туралы жан-жақты ақпарат алды. Шара Естай атындағы балалар музыка мектебінің оқушысы Мақсат Құмарбектің «Желтоқсан желі» әнімен қорытындыланды.
Ділназ Серікбай







