5 желтоқсан күні Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына орай Екібастұз қаласындағы «Достық үйінде» «Ассамблея жастары кабинетінің» ашылу салтанаты өтті. Шараға қала әкімі Аян Бейсекин, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев, «Alayaq.net» жастар қозғалысының төрағасы Абылайхан Әбдірәш, Павлодар облыстық «Қоғамдық келісім» орталығының басшысы Нүрия Көбенова және өңірдің белсенді этнос жастары қатысты.
Тимур Жұмырбаев жаңа кабинет жастардың бас қосып, жобаларын талқылайтын, бірлесіп дамуға мүмкіндік беретін connection-орталық болатынын атап өтті.
— Екібастұздағы ассамблея жастарының жұмысымен жақсы таныспыз. Бұл алаң жастарға жаңа жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік береді. Біз белсенді жастарды республикалық деңгейде қолдауға әрдайым дайынбыз, — деді ол.
Жаңа кеңістік этносаралық келісім мен қоғамдық бірлікті нығайтуға, сондай-ақ, мемлекеттік тілді ілгерілетуге бағытталған. Мұнда этномәдени бірлестік мүшелері мен ассамблея жастары бас қосып, ортақ жобалар әзірлейді, түрлі кездесулер мен іс-шаралар ұйымдастырады. Ассамблея жастары жұмысының негізгі бағыттарының бірі —мемлекеттік тілді насихаттау. Қазіргі таңда этнос өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығы артып келе жатқаны да айтылды.
— Мен қазақ тілін үйреніп жүрген жастардың бірімін. Бұл кабинет бізге жаңа идеяларды ашуға, қазақ тілін дамытуға арналған контент жасауда бірігуге мүмкіндік береді. Әлеуметтік желілерде подкасттар мен бейнематериалдар жариялап, жастарды тартуды жоспарлап отырмыз, — дейді жастар қозғалы-
сының белсендісі Алина Сурдейкина.
Салтанатты ашылудан кейін қатысушылар қала әкімінің төрағалығымен өткен Жастар кеңесінің отырысына қатысты. Жиынға мемлекеттік мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері мен белсенді студенттер қатысты. Күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып, қала әкімі нақты тапсырмалар жүктеді. Кеңес барысында полиция басқармасының басшысы Төлеген Құдайбергенов пен қала прокурорының орынбасары Асхат Қалиболлаұлы жастардың «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында атқарылған жұмыстарын оң бағалады.
Екібастұздағы этнос жастарының жұмысы туралы «Ассамблея жастары» РҚБ қалалық филиалының төрайымы Айдана Тасболатова, ал жұмысшы жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы бастамалар жөнінде «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС жастар кеңесінің төрайымы Альмира Қайратқызы баяндама жасады.
Айдана Тасболатова өз сөзінде жаңа кеңістіктің ашылуының маңызын атап өтті:
— «Достық үйінде» 15 этномәдени және қоғамдық бірлестік, 23 шығармашылық ұжым белсенді жұмыс істейді. Аналар кеңесі, этникалық шеберлік студиясы, «Шабыт» вокалдық тобы, лезгинка мектебі, «Достық» би ансамблі және шығармашылық шеберханалар қаламыздағы татулық пен келісімнің нығаюына үлес қосып келеді. Бүгінде этнос өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге ұмтылысы қоғам дамуына оң әсерін тигізуде, — деді.
Отырыста қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Жантелиев өңірде атқарылған жұмыстар туралы айтты. Ол Президент бекіткен «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» Жарлығының маңызын атап өтіп, ішкі саясаттың елді тұрақты дамытудағы рөліне тоқталды.
Бөлім басшысының айтуынша, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында алдағы жылы 40-қа жуық ауқымды шара өткізу жоспарланған. 2025 жылы осы бағытта меморандум жасалып, жастардың қатысуымен екі ірі акция ұйымдастырылды. Сонымен бірге, түнгі уақытта заңсыз алкоголь саудасын анықтау мақсатында рейдтер жүргізілді.
Жыл бойы қоғамдық диалогты дамыту үшін 50 кездесу өткізілген. «Достық үйі» 12 этномәдени бірлестікті біріктіре отырып 150-ден астам шара өткізген. Конфессияаралық келісімді нығайту бағытында 15 семинар, 126 кездесу өткізіліп, 5 мыңға жуық ақпараттық жаднама таратылған. Отбасы институтын қолдау үшін 25 әлеуметтік кеңес пен 19 психологиялық тренинг ұйымдастырылды. Жастардың білімін арттыру, құқықтық сауаттылығын көтеру, олардың белсенділігін дамыту бағытында 416 іс-шара жүзеге асырылған. Ал ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында 2 500 медиа-науқан жүргізілді. Жиын соңында қала әкімі жастар саясатындағы алдағы жылға арналған міндеттерді айқындап, жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Ділназ Серікбай








