Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы орталығында аймағымыздың дәстүрлі өнер шеберлері тартысқа түскен «Өнер додасы – 2025» байқауы қорытындыланды. Байқау аясында аудандар мен қалалардың өнер ұжымдары дәстүрлі ән, терме, күй, ансамбль, айтыс, би, көне аспап – жалпы жеті жанр бойынша сынға түсіп, қазақ өнерінің бай тарихы мен ұлттық орындаушылық мәдениетін кеңінен насихаттады.
Екібастұз қаласының өнерпаздары биылғы байқауда ерекше басымдық көрсетті. Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген «Атамұра» халықтық фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблі көрерменді де, қазылар алқасын да тәнті етіп, өз шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ансамбльдің солисі Алтынгүл Бақытханның сырлы үні, сахналық мәдениеті мен кәсіби орындаушылығы қазылар тарапынан жоғары бағаланды.
Байқауда би өнерін жылдар бойы насихаттап келе жатқан «Нәзік» үлгілі-халықтық би ансамблі (жетекшісі – Диана Арыстанова), дәстүрлі әншілер Сұңғат Көпежанов пен Әсет Азамат, термешілер: Сайлаубай Тілек («Қазақтелеком» АҚ инженері), Дархан Илеубаев, Тілеген Біләл, Бейсен Айдын, күйшілер Ілияс Көпежанов, Қайрат Тоқан өнер көрсетті. Сондай-ақ, көне аспаптың қыр-сырын меңгеріп, ұмыт бола бастаған дәстүрлі аспаптарды жаңғыртып жүрген Архат Қайдаров, Гүлшат Нартбаева және «Атамұра» халықтық фольклорлық ұлт-аспаптар ансамблінің жетекшісі Мадияр Теміржанның өнері тыңдаушысын тәнті етті.
Жалпы, байқау екі ай уақытқа созылып, он үш команда бақ сынады. Екібастұздықтар сапарға төрт рет шығып, төрт рет өнер көрсетті.
Осылайша, екібастұздықтар байқаудың бас жүлдесіне ие болып, 2 миллион теңге сыйақы алды. Атап өтерлік жайт, қаламыздың намысын қорғаған өнерпаздар түрлі мекемелерден жиналған, ұйымдастыру ісін «Атамұра» мәдениет орталығы атқарды.
Ж.ЖАПАРОВА








