Екібастұз қаласында «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қаланың тазалығын қамтамасыз етіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлеріне арналған «Таза қаланың адамдары» атты фотокөрме ашылды.
6 желтоқсан күні «MAXI MALL» сауда орталығында өткен шараны «AMANAT» партиясының қалалық филиалы мен «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС бірлесіп ұйымдастырды. Бұл бастама – ел экономикасының қозғаушы күші саналатын еңбек адамдарының еңбегін құрметтеуге, олардың күнделікті көпшілік назарына көрінбейтін, бірақ аса маңызды қызметін қоғамға кеңінен танытуға бағытталған.
Фотограф Виктор Покровскийдің арнайы түсірген фотосуреттері коммуналдық сала мамандарының бір күндік қызметін шынайы келбетте, жаңа қырынан көрсетті. Таңғы сағат 5-тегі тазаланған көшелер, жел мен аязға қарамастан жұмысын жалғастырып жатқан жұмыскерлер, инженерлік желілерді қалпына келтіру, қаланы абаттандыру сәттері бейнеленген әрбір кадр адам бойындағы төзімділік, кәсібилік пен жауапкершілік қасиеттерді көрсетеді.
Көрмені аралаған қала тұрғындары коммуналдық қызметтің жауапкершілігі мен маңызын терең түсініп, қаланың тыныс-тіршілігі жолында адал еңбек ететін мамандардың рөлін ерекше бағалады. Көпшіліктің пікірінше, бұл еңбек әрқашан жоғары бағалануы тиіс, себебі жұмысшылар қаланың тазалығын кез келген ауа райында қамтамасыз етеді.
Ашылу рәсімінде «AMANAT» партиясы Екібастұз қалалық филиалының атқарушы хатшысы, қалалық мәслихат депутаты Мариям Мәлікова мен «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС директоры Нұрланбек Умиев сөз сөйлеп, коммуналдық сала қызметкерлерінің қала тұрғындардың жайлы өміріне қосып отырған зор үлесін атап өтті.
– Коммуналдық сала мамандарының жұмысы көпшілікке көрінбейтін болса да, қала өмірінің тоқтаусыз, қауіпсіз және жайлы болуын қамтамасыз ететін негізгі тірек болып табылады. Әрбір тазаланған көше, жөнделген желі, абаттандырылған аумақ – біздің қызметкерлердің адалдығы мен кәсібилігінің айнасы. Біз бұл фотокөрменің қала тұрғындарының еңбек адамдарының рөлін терең түсінуіне септігін тигізетініне сенеміз, – деді Нұрланбек Темірболатұлы.
Шара барысында коммуналдық сала қызметкерлері Екібастұз қаласы әкімінің алғыс хаттарымен және 50 000 теңгелік сертификаттармен марапатталды. Марапаттарды қала әкімінің орынбасары Қаныш Әділжанов пен «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС директоры Нұрланбек Умиев табыстады. Құрметке ие болғандардың қатарында бригадир, жол жұмысшысы Айтжамал Әубәкірова, автогрейдер машинисі Берік Ербаев және абаттандыру жұмысшысы Нұралы Нұркеев бар. Сонымен бірге, Екібастұз қалалық мәслихатының алғыс хаттары жол жұмысшысы Қайыр Төкешевке, автокөлік жүргізушісі Жолдыбай Мұхамеджановқа және көмекші жұмысшы Жұмажан Шәріповке табысталды.
Ал «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының алғыс хаттарымен жол жұмысшысы Елена Комарова, автомобиль жөндеу слесарі Әмірхан Әлин және көмекші жұмысшы Дархан Қалиев марапатталды.
Ділназ Серікбай









