Көгілдір отынды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы тиіс. 5 желтоқсан күні болған брифингте Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының инженері Темірлан Жұмабеков осы тақырыпта сөз қозғап, 1-5 желтоқсан аралығында республикалық «Газ баллон» акциясы өткізілгенінен хабардар етті.
Аталмыш акция аясында төтенше жағдайлар басқармасы мамандары полиция және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерімен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар жүргізген. Қаламыздағы 7 газ құю станциясы мен 1 газ жинақтау станциясының жұмысы тексеріліп, көгілдір отын тұтынатын шағын кәсіпорындар мен тұрғын үйлерде газ жабдықтарын пайдаланудың тәртібі мен өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндіріліпті. Сонымен қатар, кіріктірілген автотұрақтары бар ғимараттарда қызмет көрсететін ұйымдар басшыларымен кездесіп, жерасты және кіріктірілген автотұрақтарда автокөліктердің газ баллонды пайдалануға тыйым салынғаны айтылыпты.
Жалпы, ескірген немесе жарамсыз газ баллондарын пайдалану жарылыс не өрт шығуына соқтыруы ықтимал. Сонымен бірге, газ құралдарын өз бетінше орнатуға, газ баллондарын рұқсат етілмеген орындарда толтыруға және сақтауға болмайды. Газдың исі сезілсе, газды тұтынуды дереу тоқтатып, үй-жайды желдетіп, апаттық қызметке қоңырау шалу керек.
Темірлан Асхатұлы сөзінің соңында тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырды.
Брифингке Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғаныс тобының офицері Дәулет Молдаш та қатысып, мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін әңгімеледі.
Биылғы жылы қыс кешігіп жатыр. Су қоймаларында мұз әлі қатқан жоқ. Мұз үстіне шығу үшін оның қалыңдығы кемінде 7-10 сантиметр, әйтпесе 12 сантиметрден жоғары болуы тиіс. Айдын бетіндегі мұздың біркелкі қатпайтыны, кей тұсының тым жұқа болатыны да ескерілуі керек.
Қыс мезгілінде төтенше жағдайлар басқармасы бірқатар профилактикалық шараларды жүзеге асырады. Оған су айдындарын патрульдеу, мұздың қалыңдығын өлшеу, қауіпті тұстарына ескерту белгілерін орнату және тағы-тағылары кіреді. Сонымен бірге, балабақшалар мен мектептерде қыс кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік ережелер туралы дәрістер оқылып, бейнероликтер көрсетіліп жүр.
Төтенше жағдайлар басқармасы халықты ақпараттандыруға мән беріп, әлеуметтік желілер, ресми сайттар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлар таратып, жаднамалар жариялауда.
Дәулет Серікұлы өз сөзінде әлі толық қатпаған мұз бетіне шығуға болмайтынын айтты. Сондай-ақ мұзға жалғыз шықпаған жөн. Егер мұз жарылып, суға батып бара жатқан адамды көрсеңіз, дереу 112 нөміріне қоңырау соққан абзал.
Ж.Бұланбай







