Екібастұзда жастар арасында нашақорлықтың алдын алу, интернет алаяқтық пен киберқылмысқа қарсы күресті күшейту мақсатында профилактикалық кездесу өтті. «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында ұйымдастырылған шараға полиция басқармасының мамандары, қалалық ішкі саясат бөлімі және қаламыздағы оқу орындарының студенттері мен спортшылар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты – жастарды қоғамда жиі кездесетін қауіптерден сақтандыру және ақпараттық сауаттылығын арттыру.
Жиын барысында мамандар қазіргі уақытта кең таралған есірткіге тәуелділік туралы жан-жақты ақпарат берді. Спикерлер жастарға зиянды әдеттердің зардаптары туралы бейнематериалдар көрсетіп, есірткінің адам психикасына, мінез-құлқына және әлеуметтік ортамен байланысына тигізетін теріс әсерлері туралы түсіндірді.
Осы орайда спортшы Данияр Жүнісов жастарды салауатты өмір салтына шақырып, нашақорлықтың жеке адамның денсаулығын әлсіретіп қоймай, оның отбасына және қоғамға ауыр зардап әкелетінін атап өтті. Спортшының айтуынша, есірткіге қызығушылық танытып, бір рет пайдалану адамның өмірін түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін.
— Бүгінде есірткіге қолжетімділіктің артуы бұл мәселені әлеуметтік дерт деңгейіне жеткізіп отыр. Әлеуметтік желілер арқылы таралатын «жеңіл эйфория», «бір рет байқап көрсең ештеңе болмайды» деген жалған түсініктер жасөспірімдердің санасын улауда. Есірткі адамды денсаулықтан ғана емес, еркіндіктен, мақсаты мен жоспарынан айырады. Сондықтан оның алдын алу – мамандардың ғана емес, ата-ана, ұстаз, қоршаған орта мен қоғамның ортақ міндеті, — деді ол.
Кездесуде интернет алаяқтық пен киберқылмыс мәселесі де кеңінен талқыланды. Полицейлердің айтуынша, қазіргі қылмыскерлердің әдіс-тәсілдері айтарлықтай өзгерген. Алаяқтық смартфон мен интернет арқылы жасалып, адамның сеніміне кірудің жаңа жолдары қолданылуда. Алаяқтар жалған парақшалар мен фейк жарнамаларды пайдаланып, әлеуметтік желілерде беделді брендтердің атын жамылады, ал фишингтік сілтемелер арқылы азаматтардың банк картасы деректерін оңай иемденеді. Бұдан бөлек, арнайы жасалған жалған интернет дүкендер, «инвестиция» немесе «криптовалютадан табыс» уәде ететін жобалар да қылмыстық топтардың жиі қолданатын айласы.
Сондай-ақ, бұзылған аккаунт арқылы таныстардың атынан «шұғыл ақша сұрау» фактілері де жиілеген. Полицейлердің сөзінше, мұндай деректердің артында кәсіби дайындықтан өткен, психологиялық манипуляция мен қысым жасаудың түрлі әдістерін меңгерген ұйымдасқан топтар тұр. Олар адамның эмоциясына әсер етіп, тез шешім қабылдауға итермелейді. Сондықтан кез келген ұсынысқа немесе хабарламаға сақтықпен қарап, ақпараттың шынайылығын тексеру әр азаматтың жеке қауіпсіздігі үшін аса маңызды.
Жиында дропперлік тақырыбы да сөз болды. Дроппер – өз картасын, электронды әмиянын не жеке құжаттарын қылмыстық әрекеттерге пайдалануға беретін адам. Мұндай қызмет үшін сыйақы төленетіні айтылғанымен, бұл заң алдында толыққанды қылмыс болып саналады. Дропперлер алаяқтыққа қатысушы ретінде жауапқа тартылып, айыппұл төлеу, бас бостандығын шектеу немесе бірнеше жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілетін жағдайлар жиі кездеседі. «Ақшаның заңсыз екенін білмедім» деген сылтау да жауапкершіліктен құтқармайды. Жастардың мұндай әрекетке көптеп тартылуының себептері – жеңіл табысқа құмарлық, қаржылық сауаттың төмендігі және әлеуметтік желілерге шектен тыс сену.
Кездесуде спортшы Диас Еренғайыпов ақпараттық сауаттылық пен сақтықтың маңызын атап өтті. Ол интернет алаяқтық пен есірткі мәселесінің бүгінде кез келген адамға зиянын тигізуі мүмкін екенін айтып, жастарға әр ақпаратты саралап, күмәнді ұсыныстардан аулақ жүру қажеттігін түсіндірді. Оның айтуынша, қазіргі алаяқтар көшеде емес, телефон мен әлеуметтік желілерде әрекет етеді, сондықтан әр жас өзін қорғаудың жолдарын меңгеруі керек.
Шара барысында полиция қызметінің қоғамдағы рөлі мен ішкі істер органдарына қызметке қабылдану талаптары да түсіндірілді. Екібастұз қаласының полиция басқармасы кадр жұмысы бөлімінің аға инспекторы Роза Уахитова жастарды ішкі істер министрлігінің оқу орындарына түсіп, ел қауіпсіздігі жолында қызмет етуге шақырды. Ол бұл саланың қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтіп, жауапкершілікті сезінетін жастар үшін мүмкіндіктің бар екенін жеткізді.
Кездесу соңында жастарға жеке деректерді жарияламау, әлеуметтік желілерде сақ болу, белгісіз адамдардың оңай табыс туралы ұсыныстарына сенбеу, араласатын ортаны дұрыс таңдау және күмәнді сайттар мен сілтемелерге кірмеу сияқты басты қауіпсіздік ережелері айтылды. Мұндай профилактикалық шаралар жастардың ақпараттық мәдениетін қалыптастыруда, оларды түрлі қауіптен қорғауда маңызды рөл атқарады. Себебі елдің ертеңі – саналы, білімді, салауатты ұрпақтың қолында.
Ділназ Серікбай








