Екібастұз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Бақыт Бекпаеваның айтуынша, өңірде адамдардың бруцеллез жұқтыруының 4 фактісі тіркелген: былтырғы жылмен салыстырғанда, 3 адамға артық. Жұқпа ошағы – бруцеллезбен ауыратын мал. Сондай-ақ, құтырмадан қауіп көп.
– Тұрғындардың бұралқы жануардан зардап шегу оқиғалары жоғары көрсеткішке ие, – дейді Бақыт Бекпаева. – 2025 жылдың есепті кезеңінде Екібастұз қалалық ауруханасына антирабиялық көмекке 444 адам жүгінген, бұл 2024 жылдың ұқсас уақытымен салыстырғанда 1,5 есе көп. Оның ішінде 209 адам бұралқы жануардың тістеуінен жапа шеккен. Барлық зардап шегушілерге құтырмаға қарсы екпе егілді.
Эпидемиолог дәрігер құтырма ауруының өте қатерлі инфекциялық жұқпа екенін атап өтіп, адам өліміне апарып соқтыру ықтималдығын ескертті.
Құтырма қоздырғышы ауруды жұқтырған жануардың сілекейінде, көзіндегі сұйықтықта және несебінде болады. Ауру негізінен топтасып жүретін қаңғыбас жануарлар арасында тараған. Емдеудің қиындығы адамдардың агрессиялы жануармен байланысқа мән бермей, дәрігерге кешігіп жүгінуінде. Құтырма итте, мысықта, түлкіде, жарқанатта, кірпіде, егеуқұйрықта кездеседі. Кейде борсық, қасқыр, құс пен бүргенің тістегенінен де жұғады. Жұқпаны орманда, саябақта, ашық алаңдарда жүріп үй жануарлары да жұқтырады. Олардан адамдарға беріледі.
Ж.Қадырова






