Қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Екібастұз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Бақыт Бекпаева өңірдегі эпидемиологиялық ахуал жайын баяндады.
Маманның айтуынша, 14 жасқа дейінгі балалар арасында сальмонеллездің 14 фактісі тіркеліпті, былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 72 пайызға төмендегені байқалған.
Жіті ішек жұқпаларының 52 жағдайы тіркелсе, сырқатқа шалдыққандардың 43-і 14 жасқа толмаған балалар екен (40,4 пайызға төмендеген).
Вирусті А гепатитінің 3 фактісі анықталыпты, бұл 100 мың тұрғынға шаққанда 1,37 пайызды құрайды (былтыр 10 жағдай тіркелген).
Барлық ауру ошақтарында эпидемиологияға қарсы шаралар жүргізіліп, су мен азық-түліктің сынамасы алынып, нәтижелері қанағаттанарлық болып шықты.
Өңірде, сонымен қатар, туберкулездің 35 жаңа жағдайы тіркеліпті, оның біреуі – 14 жасқа толмаған бала. Былтыр осы уақытта жаңадан 58 ауру тіркелгенін ескерсек, аурудың 39,1 пайызға, таралуының 18,0 пайызға төмендегені байқалады.
2025-2026 жылғы эпидемиологиялық маусымның басында (2 қазан –
3 желтоқсан аралығы) жіті респираторлық вирустық инфекцияның 17967 жағдайы тіркелген. Ауырған адамдардың 11771-і – 14-ке толмаған балалар, 189-ы – 1 жасқа толмаған сәбилер, 120-сы – жүкті әйелдер.
Инфекцияның шарықтау шегі 47-ші аптада (20-26 қараша аралығы) байқалған: бұл кезде сырқаттар саны 4328-ге жетсе, оның 3136-сы – 14 жасқа дейінгі балалар. Десе де 27 қараша – 3 желтоқсан аралығында ЖРВИ-дың екі есе азайғаны байқалды: аурудың 2089 фактісі тіркелген (1419-сы – балалар).
Ағымдағы эпидемиологиялық маусымда А типті тұмаудың 10 жағдайы зертханада нақтыланған, оның төртеуін жұқтырушы – балалар. А типті тұмау – Гонконг тұмауы ретінде танымал сырқат. Ол жаңа ауру емес, жыл сайын айналып соғатын тұратын маусымдық штамдардың бірі. Белгілері: дене қызуының 38-39 градусқа дейін бірден көтерілуі, әлсіздіктің пайда болуы, дененің, бастың ауыруы, кейін жөтел пайда болып, мұрынның бітелуі. 2 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер, қарт адамдар және созылмалы ауруы бар сырқаттар үшін ауру зардаптары ауыр болуы мүмкін.
Тұмаудың өзге түрлеріне 110 сынама алынып, зерттеу жүргізілген, нәтижесінде риновирус, бокавирус, парагрипп, метапневмовирус, аденовирус жұқпалары анықталған.
– Павлодар облысында ағымдағы эпидемиологиялық маусымның қазан айынан бастап COVID-19 коронавирус жұқпасының 3 жағдайы зертханада расталды. Екібастұз өңіріне 4 желтоқсанға коронавирус инфекциясы анықталған жоқ. Тұрғындарға айтарымыз: адамдар көп жиылған жерге бармаңыздар, арақашықтық сақтаңыздар; қолды жиі жуып, антисептик немесе залалсыздандырғыш салфетка қолданыңыздар, бөлмені желдетіңіздер, ЖРВИ белгілері байқалса, балаларды мектеп пен балабақшаға жібермей, үйде қалдырыңыздар, – дейді Бақыт Бекпаева.
Назар аударарлық жайт, облысымызда биылғы жылдың қараша айынан бастап қызылша ауруының өсуі байқалған. Бұрын бұл сырқаттың бірлі-жарым фактісі тіркелетін болса, бүгінгі таңда күн сайын «Қызылшаның ықтимал жағдайы» диагнозымен 2-3 жағдай тіркелуде. Ауруды жұқтырғандар – негізінен екпе алмағандар және олардың көрсеткіші 85 пайызды құрады. Екібастұз өңірінде қызылшаның «кірме» фактісі тіркелген (өзге облыстан), жұқтырған – қызылшаға қарсы егілмеген 3 айлық нәресте.
Ж.ЖАПАРОВА







