Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин Павлодар облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндады.
– Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарлары Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық мақсаттар мен облыс әкімінің тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда. Жалпы, өткен 10 айдың қорытындысы бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалады. Инвестиция тарту көлемі өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 168,8%-ға артты. Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығының жоғары екенін көрсетеді. Өнеркәсіптік өндіріс жоспарланған деңгейде дамып келеді. Ауыл шаруашылығы 9,2%-ға өсім көрсетсе, ішкі сауда айналымы 54%-ға жетіп, экономикалық белсенділіктің артуына ықпал етуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының көлемі 7,6%-ға өсті, құрылыс саласына сұраныс тұрақты. Тұрғын үй құрылысының көлемі 47,1%-ға өскен, бұл тұрғын үй саласының белсенді дамып келе жатқанын растайды, – дей келе, Аян Уахитұлы ары қарай әр салаға жеке-жеке тоқталды.







