Бұқара халық азық-түліктің арзан болуын қалағанымен, бағалар қалтаны қағып тұр. Қайта-қайта көтерілетін сол бағаларды ауыздықтау мақсатында үкіметтің әлеуметтік маңызды туарлар тізбесін жасағаны белгілі. 2 желтоқсан күні өткен қала әкімінің аппараттық кеңесінде сол 19 түрлі атаулы әлеуметтік маңызды азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселесі қаралып, кәсіпкерлік бөлімі басшысы Медет Шоқан есеп берді.
Баяндамашының айтуынша, биылғы жылдың 11 айы ішінде әлеуметтік азық-түлік тауарларының баға индексі 98,7 пайызды құрапты. Бұған көкөніс бағаларының арзандауы әсер еткен. Мәселен, картоп – 41 пайызға, қырыққабат – 38 пайызға, пияз 19 пайызға арзандаған. Десек те Екібастұз қаласында нан біршама қымбаттаған. Оған арзандатылған астық пен ұнның болмауы себеп екен. Бүгінгі күні бір бөлке коммерциялық нанның орташа бағасы – 190 теңге, ал шекті баға 138 теңге болуы тиіс. Нан бағасын бақылауда ұстауға «Лейла» кәсіпорнының септігі тиіп отыр. Аталмыш кәсіпорын серіктес дүкендерге нанды 125 теңгеден, өзге дүкендерге 160 теңгеден өткізіп жүр. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы ашылған Солнечный кентіндегі «SAN Sity» және Шідерті кентіндегі «Менің отбасым» наубайханалары бір бөлке нанды 130-160 теңге аралығында сатуда.
Жергілікті атқарушы билік бағаны тұрақтандырудың амалдарын қарастыруда. Мәселен, картоп өсіруші үш шаруашылықпен меморандум жасалып, қала дүкендері мен жәрмеңкелерге 110 тонна картоп жеткізілді. Сонымен қатар, «ЭМПК» ЖШС тұрақтандыру қорына
1 килосы 100 теңгеден 500 тонна картоп бөліп отыр. Бөлшек саудаға түскенде бағасы 115 теңгеден болады.
Көңілге қонымды тағы бір әрекет – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жылыжай шаруашылықтарымен, соның ішінде «Greenhouse-Qaztomat» ЖШС-мен меморандумдар жасауға қол жеткізіпті. Бұл әлеуметтік маңызды тауарлар тізбесіне енбеген көкөніс түрлерінің бағаларын тұрақтандыруға ықпал етпек. Атап айтқанда, желтоқсан айында серіктес дүкендер арқылы 40 тонна жас қияр мен қызанақ сатылмақшы.
Жалпы, бағаларды ұстауға Тұрақтандыру қорындағы тауарлар резервінің пайдасы зор. Онда қазіргі уақытта 8 түрлі азық-түлік бар. Тұрақтандыру қорынан жеткізілген азық-түлік 10 пайыздан аспайтын сауда үстемесімен қала мен өңірдегі 12 серіктес дүкенде саудаға шығарылуда. Осылайша, 155,5 тонна азық-түлік жеткізіліп, орташа бағаларды төмендетуге септігін тигізді. Мәселен, күріш – 29,6 пайызға, рожки – 27 пайызға, қарақұмық жармасы – 11,2 пайызға, жұмыртқа – 10,8 пайызға, күнбағыс майы 10,5 пайызға арзандады.
Бағаларды тұрақтандыруда «Айналым схемасы» жемісін беріп тұр. Атқарушы билік «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Ирвема» жеке кәсіпкерлігіне бакалея өнімдерінің 6 түрін: күріш, қарақұмық, рожки, қант, тұз, І сұрыпты ұнды серіктес дүкендерге делдалсыз жеткізуді ұйымдастыруы үшін 170 миллион теңге қаржы бөліпті.
Негізі, делдалдар араласқанда бағалар өсіп кететіні белгілі. Сондықтан кәсіпкерлік бөлім тарапынан бақылау жасау мен мониторинг жүргізудің маңызы зор. Есепті мерзім ішінде 19 сауда нүктесінің сауда талаптарын бұзғаны анықталып, құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Қаралған мәселені талқылау кезінде қала әкімі Аян Бейсекин екі нәрсеге баса назар аударуды тапсырды. Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына шекті бағаның сақталуын кәсіпкерлік бөлім, құрамына депутаттар енгізілген комиссия бақылауға алып, өсуіне жол бермеуі қажет. Екіншіден, Тұрақтандыру қорынан бөлінген азық-түліктің серіктес дүкендерде болуы қамтамасыз етілуі керек. Сонымен қатар, мемлекеттен қолдау көрген шаруа қожалықтарының ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне қатысуын ұйымдастырған жөн.
ЖАССЕРІК ЖӘЛЕЛҰЛЫ






