«Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда,
Бұр мойныңды қалжыраған қарт ұлға.
Сенің сәби сәттеріңнің мысқалын
Айырбастап ала алмай жүр алтынға,
Тоқта, ботам! Атаң келеді артыңда».
Сексен жасқа толғалы отырған Амантай ақсақалмен сөйлесіп сыртқа шыққан соң Мұқағали ақынның осы өлеңі ойыма орала кетті. Өйткені қария әңгімелескенде өзін сергек ұстағанымен, балалық шағы жайлы баяндағанда көңілі толқып, жанарында сағыныш мөлдіреп тұрды…
Амантай Жұмагелдіұлы 1945 жылдың 5 желтоқсанында Екібастұз ауылдық округінің Талдықамыс ауылында өмірге келіпті. Ес біліп үлгермеген екі жасында әкесі Жұмагелді дүниеден өтіп, анасы Сағила қара жамылады. Қайғыға уақыт емші әрі ер азаматсыз отбасын асырау жеңіл емес. Екі баласы – Пану мен Амантайды ер жеткізуді ойлаған отанасы Сағила екінші рет Сейсенбай Мәденовпен тұрмыс құрады. Ерлі-зайыптылар арасына дәнекер болып Фаруза есімді нәресте туып, отағасы үш баласын бөле-жармай, адал еңбегімен асырап бағады.
– Анамыз Сағила кісілігі мол, шаруаға икемді адам еді. Жүн түтіп, көрпе-жастық тігіп, үй ішін бүтіндеп, қонақ келсе ассуын қамдап, әйтеуір дамыл таппайтын. Пану мен Фарузаның бойына да қазақтың қонақ күту әдебін сіңірді. Ал мені еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Жазғы демалыстарда құрылыс бригадасы құрамында кірпіш құйып, қора салып, үйге отын әзірлеп, қысқасы, қара жұмыс істеп шынықтым. Балалық шақтан есте қалған тағы бір оқиға – анама ілесіп Басқамыс ауылындағы Солтан қожа үйіне барып, қона жатып атаның батасын алып қайтқанымыз. Аяулы анамыз да көп жасаған жоқ. 1969 жылдың наурыз айында ұзаққа созылған сырқаттан 54 жасында көз жұмды, – деген Амантай қария күрсініп алып, әңгімесін әрі жалғады.
Бұл кезде жас жігіт Целиноград ауыл шаруашылығы институтында оқып жүрген-ді. Нағашысы Мұқаш Байғұловтың үйінде жатып Майқайың мектебін бітірген бозбала туған ауылына оралып, «Екібастұз» кеңшарының директоры Бекен Супековтің қабылдауына кіріп, арманын айтып, жолдамаға қол жеткізген болатын. Институт қабырғасында білімге құштарлығы, алғырлығымен көзге түскен студенттің диплом алған соң да жолы болды. Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы жас маманды 1970 жылдың жазында Баянауыл ауданындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы кеңшарға бас зоотехник етіп жіберді. Төртүй ауылының тумасы Айтжан Жұмажанқызымен көңілі жарасып, отау құрған ол Баянауыл топырағына табан тіреп, қызметіне білек сыбана кірісіп кетті.
– Тәжірибесі мол мосқал басшы Қарамат Жанабеков маған ағалық қамқорлығын көрсетіп, білікті маман болып қалыптасуыма көп әсерін тигізді. Берген ақыл-кеңесі, сілтеген бағыт-бағдары кейін де кәдеме жарады. Қызметім өсіп, Баянауыл ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі, басқарма бастығының бірінші орынбасары болып ысылып, «Алексеевка» кеңшарының директорлығына тағайындалдым. Кеңшар өңірдегі ірі шаруашылықтың бірі болатын. 27 мың қой, 3600 ірі қара, 1500 жылқы өсіріп, егін ектік. Кеңшарды басқарған төрт жыл ішінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, сенім үдесінен шыға білдік, – деген Амантай ақақал фотоальбомды ақтарып, сарғайыңқыраған суретті көрсетті. Суретте Баянауыл ауданы басшылары алдында кеңшар директоры Амантай Жұмагелдиннің күзгі астық тапсыру жоспарының табысты орындалғаны туралы есеп беру сәті бейнеленген екен.
Іскер азамат бұдан соң да бірқатар жауапты қызметтерді атқарып, талай жердің дәмін татты. Санамалап айтар болсақ, Шарбақты аудандық агроөнеркәсіп бірлестігі төрағасының орынбасары, «Боровой» кеңшарының директоры болып, сонау 1990-шы жылдардың жуан ортасында туған өлкесіне оралып, Екібастұз ауданы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Екібастұз ауданы тарап кеткен соң заман ағымына қарай жеке шаруашылық құрып, сонда еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты.
– Еңбек жолым басталған, қанатым қатайған Баянауыл өңірі де, тәжірибем толысқан Шарбақты жағы да мен үшін ыстық. Алайда туып-өскен жердің қадір-қасиеті ерекше екен. Балалық шақтың ізі қалған Талдықамыс пен Көксиырға барған сайын жанашыр болған ағайын-туыс, бірге өскен жора-жолдас еске түсіп, өн бойыңнан жылы леп жүріп өтеді. Әкем Жұмагелдінің інісі Сапа Әшіровтің туысқа мейірімі мен қамқорлығы ерекше еді. Өмір жайлы ой-толғамдары, дүниеге қатысты өз көзқарасы қалыптасқан майдангер ағамыз оқушы кезімде қыста ат шанамен, жазда ат арбамен үйіне алып кетіп, Әлима жеңгем бауырына басып, жылы-жұмсағын аузыма тосқан күндер жылуы көңілімде әлі сайрап тұр. Институтта оқып жүргенде әскери борышымды өтеуге жиналдым. Сонда Сапа ағам мен Баукен қарындасым шығарып салуға келді. Үйленгенде, балалар туғанда қазақтың дәстүрімен бәсіре мал атап, қуанышымызды бірге бөлісіп, туыстық парызына адалдық танытып, кейінгі бізге үлгі-өнеге көрсетіп кетті, – деген Амантай ақсақал әулет шежіресін де тарқатып берді.
Қанжығалы ішінде Қара – Жәдігер – Тоқсанбай – Байғұты – Қожан – Нұрым – Әшір. Әшірден: Жұмагелді, Әбікен, Ақай, Малиха, Қасымтай, Маутай, Сапа, яғни, жеті бала өрбіген екен.
«Алдыңғы буын ағалар,
Кейінгі буын інілер.
Кезекпенен өлінер,
Бұрынғыдай көрінер» деген емес пе Абай ақын. Амантай ақсақал ел жаққа жолы түскенде Қаратамдағы қорымға соғып, әкесіне құран бағыштап, сынаптай сырғып өтіп бара жатқан өмірінің бел-белесін ойға алып, үйіне оралған соң балалары мен немерелеріне әулет тарихы туралы әңгіме қозғап, «адалдың аты арымас» деп, ата-бабадан қалған адамгершілік қасиетті жоғалтпауды айтады.
Айтпақшы, бүгінгі күні Амантай ақсақал Екібастұз қаласында тұрып жатыр. Немересі Әлихан мен келіні Нарғыз қарияны күтіп, қарттық ғұмырының алаңсыз өтуіне жағдай жасап отыр. Ақсақалдың асыл жары Айтжан Жұмажанқызы 2020 жылы бақилық болған. Ерлі-зайыптылар бес перзенті: Бауыржан, Меруерт, Руслан, Баян, Ерланды өсіріп жеткізіп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немере-жиендер сүйді.
Адамға өмірде туған-туысқа қоса достары да қымбат. Амантай ақсақал әңгіме үстінде балалық шақтың қызығын бір көрген Зейнолла Қожаев, Төлеутай Омарбеков, Нағима Мұхитова, Аманкелді Масығұтов, Хасен Мақашев, бажасы Ержан Әлиакбаров жайлы айтып, қызмет табыстырған баянауылдықтар: Әди Әлкебаевтың, Қорабай Шәкіровтің, Рымтай Шөкеевтің азаматтығын ауызға алып, ризашылық білдірді.
Азаматтық парызыңды өтеп, ел мен жердің көркеюі жолында қажырлы еңбек етіп, сол төгілген маңдай тердің жемісін көріп, кәрілікке әдемі жету де адам үшін ғанибет. Осындай өлшеммен алғанда, сексен жасқа аяқ басқан Амантай Жұмагелдіұлы бақытты адамдар санатынан деуге болады.
ЖАССЕРІК ЖӘЛЕЛҰЛЫ








