Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою туралы конвенцияға сәйкес, жыл сайын 25 қарашада Халықаралық әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою күні аталып өтеді. Осы датаға орай елімізде дәстүрлі «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы басталып, оған Екібастұз қаласы да белсенді атсалысуда. Науқанның мақсаты – тұрмыстық, психологиялық, жыныстық және экономикалық зорлық-зомбылықтың алдын алып, жәбірленушілерге қолдау көрсету және қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыру.
Осы шара аясында 26 қараша күні «Maxi Mall» сауда орталығында тұрғындармен ашық кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында мамандар келушілерге құқықтық және психологиялық кеңес беріп, зорлық-зомбылықтан қорғану жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, тиісті органдарға жүгіну тәртібі туралы ақпараттар ұсынылып, арнайы дайындалған брошюралар мен жаднамалар таратылды. Полиция басқармасының қызметкерлері үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп тұрғындармен жеке сөйлесіп, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Екібастұз полицейлері де акцияға белсене қатысып, қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында жұмыстар атқаруда. Екібастұз қаласы полиция басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің бастығы Бақытгүл Сейтқалиеваның айтуынша, жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесімен 500-ден астам адам жүгінген.
— Тіркелген әрбір жағдай бойынша полиция қызметкерлері заң шеңберінде жедел әрекет етеді. Кінәлілердің басым бөлігі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, кейбірі қамауға алынды. Сотта кешірім берілген жағдайлар да кездеседі. Мұндай факті тіркелген сайын қорғау нұсқамасы толтырылып, жәбірленушілер бірнеше ай бойы бақылауда болады. Биылғы өзгерістерге сәйкес, егер зорлық алғаш рет тіркелсе, 10 тәулікке ескерту беріледі, ал қайталанса, 20 тәулікке әкімшілік қамау белгіленеді. Сонымен қатар, психологиялық есепке алу, профилактикалық әңгіме және 3 айдан 1 жылға дейін созылатын алдын алу шаралары қарастырылған, — деді Бақытгүл Сейтқалиева.
Брошюраларда көрсетілгендей, тұрмыстық зорлық-зомбылық тек әйелге ғана емес, оның балаларына да теріс әсер етеді. Мұндай жағдайға куә болған балаларда қорқыныш, күйзеліс, мінез-құлықтың өзгеруі сияқты проблемалар туындауы мүмкін. Сондықтан мамандар қауіпті жағдайдың алғашқы белгілерін елемей қалмауға шақырады.
Қаламыздағы «Қорғау-Астана» дағдарыс орталығы мұндай жағдайға тап болған әйелдерге көмек көрсетуге дайын. Орталық қызметкері Сәбира Тілекбердінің айтуынша, қазіргі таңда мұнда төрт әйел мен жеті бала тұрып жатыр. Оларға психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер және медицина мамандары тегін көмек көрсетеді. Әйелдер 6 айға дейін қауіпсіз баспанамен, ас-ауқат және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Полиция қызметкерлері кез келген зорлық-зомбылық дерегінің назардан тыс қалмауы тиіс екенін ескертеді. Қауіп-қатер төнген жағдайда немесе күмәнді оқиға байқалса, бірден 102 нөміріне немесе «111» сенім бірыңғай сенім телефонына хабарласуға болады.
Ділназ Серікбай






