
Әдетте жол-патруль полициясының қызметкерін көрсе, жүргізушілердің абыржып қалатыны анық. Автокөлікті тізгіндегеніме отыз жыл болған мен де сол «гаишниктердің» талайын көрдім. Өз тәжірибемнен байқағаным, мемлекеттік автоинспектор жай тоқтатпайды. Жол қозғалысы барысында тәртіп бұзушылық болса ғана ала таяғын көтереді. Бұрын қала шетіндегі бекетте немесе жол бойында тұрған полиция қызметкері «шамың жағылмаған», «белбеуің тағылмаған», «жылдамдықты асырып жібердің» деп тоқтатып, хаттама толтыра қоятын. Ішіндегі құдайға қарағандары ескерту жасап, кейбірі кеңесін айтып жататын. Ал күні-түні кезекшілікте болып, жол қозғалысын байқап, талай қылмыстың алдан алып жүрген сақшылардың қауіпке толы жұмысын біз, шопырлар, бағалай, бағамдай алып жүрміз бе деген сұрақ та туындайды Иә, бұл қызметте де адал еңбек етіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – еңбек жолын 24 жасынан ішкі істер қызметінен, атап айтсақ, патрульдік қызмет көрсету жұмысынан бастаған Сағындық Тентекбайұлы Маукилов.
Ақкөл ауылынан жыраққа шығып көрмеген қарапайым ауыл баласы кәмелеттік жасқа жеткен соң еңбек жолын механизатор болудан бастайды. Шаруашылықтың үздік механизаторы – әкесі Тентекбай баласын «Беларусь» тракторын тізгіндеуге үйретеді, шөп шапқызып, мая үйгізеді, қара жұмысқа жегеді.
1940 жылдан кеңестік білім жүйесіне енгізілген ФЗО-да (фабрика-заводтық оқыту) болып, Қарағанды қаласында 15 жасынан бастап шахтада арзан жұмысқа жегіліп ерте есейген, еңбектің ащы дәмін татқан әкесі Тентекбай буыны қата бастаған баласы Сағындықты жастайынан жұмысқа, тер төгуге баулыды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген Абай атаңның сөзін есіңе сақтап жүр», – дейтін әкесі.
1984 жылы әскер қатарына шақырылып, Белоруссияның Гомель қаласындағы сержант мектебінде 6 ай оқып, Батыс Украинаның Закарпатье маңында жер- әуе кешенді ракета қондырғысы орналасқан құпия полкте әскери борышын өтеп, әскери тәртіп мен техниканы шебер меңгеріп, Сағындық 1986 жылы аман-есен елге оралады.
– Кеңес өкіметі кезінде әскерге шақырылғандар Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде, бірі Камчаткада, енді бірі Норильскіде туған жерден шалғайда әскери борышын өтейтін. Әлімжеттік жасау сирек кездесетін. Командирлеріміз әскери тәртіпке жүгінген әділ офицерлер болатын. Ал бүгінгі күні балаларымыз – Қазақстан атты тәуелсіз елдің сарбаздары. Өз елінде, өз жерінің шекарасы бойында қызмет атқарады. Кей уақытта әскердегі келеңсіз жағдайларды, тәртіпсіздікті, әлімжеттікті, әскери борышын өтеуден жалтарғанды естіп, таң қаламын. Әскер, сарбаз болу мақтаныш қой, қалай болған күнде де жаңа Қазақстан әскерін жасақтау үшін жаңа әскери реформа керек пе деп ойлаймын, – дейді Сағындық.
Жастайынан еңбекпен есейіп, әскерде шыңдалған Сағындық өз қалауымен Екібастұз қаласы ішкі істер бөліміне қарасты Ерғанат Жұмашұлы Дүйсекенов басқарған мемлекеттік автоинспекцияға патрульдік бақылау қызметіне жұмысқа орналасады.
– Ол кезде бүгінгідей бейнекамералар жоқ. Қақаған аяз бен шыжыған ыстықта өзімізге тапсырылған учаскені, көшені, қала шетін бақылауда ұстаймыз. Бір есте қалатын жағдай, сол жылдарда ұсақ бұзақылық, бас киімді жұлып әкету, ұрлық, мас күйінде көлік жүргізу сияқты тәртіп бұзушылықтар жиі кездесетін. Жол сақшысы қызметіндегі жұмысымды әкем айтқандай адал, тиянақты атқаруға тырыстым. Еңбегім ескеріліп, бірнеше рет марапатқа да ие болдым. 2017 жылы «Жол полициясына – 25 жыл», 2018 жылы «Милицияға – 100 жыл» медалін, 2022 жылы «Жол полициясына – 30 жыл» төсбелгісін тақтым, – дейді бүгінгі еңбек ардагері Сағындық Маукилов.
Әңгіме барысында Сағындыққа «Полиция қызметінде жүрген кезіңде кімді үлгі тұттың?» – деген сұрақ қойдық. Сағындық іркілместен: «1986 жылдан 1996 жылға дейін 10 жыл Екібастұз қалалық ішкі істер бөлімін басқарған «КСРО ІІМ еңбегі сіңірген қызметкері» атағының иегері, талантты жедел ізкесуші Түлкібек Ешімовті», – деп жауап берді.
– Бірде мені МАИ бастығы Ерғанат Дүйсекенов кабинетіне шақырды. «Бүгіннен бастап ішкі істер бөлімінің басшысы, полковник Түлкібек Ешімовтің қарамағында боласың. Бұйрық шығарылады. Бастыққа су жаңа ГАЗ-31010 «Волга» қызметтік машинасы берілді. Осы көліктің солығын басасың, «обкатқадан» өткізесің, – деді. Мен: «Басқа адам жоқ па?» – дедім. Себебі атағы зор, беделді, ызғарлы, айбынды басшыдан ығып тұрмын. «Приказ не обсуждается», – деді Ерекең. Түстен кейін келісімді мезгілде Түлкібек Мәжғұлына кірдім. Әскери тәртіппен сәлем бердім. «Мұнда отыр» деп, қарсы орындықты нұсқады. Байқаймын, алдында менің іс қағазым, қызметтік парағым ашық жатыр.
– Менің шопырым әнде көмекшім боласың, – дейді Түлкібек көкем.
– Қолымнан келсе… – деп келе жатыр едім, Түкең қазақы қалыппен: «Әй, ұл, сөзді қой. Әскерде болыпсың, техниканы шебер меңгеріпсің, «Кеңес Армиясының үздігі» деген төсбелгің бар екен. Міне, машинаның кілті. Қазір гаражға барып, машинаны жүруге дайында, – деп бұйрық берді. Он минут өтер-өтпесте гаражға өзі келіп, көлік ішіндегі приборлармен таныстырды. Түкең көп нәрсеге үйретті ғой. Тәртіпке, әдепті жүріп-тұруға, адамдармен тіл табысуға, іс-қимылға, жүректілікке. Бірде қызық жағдай болды. Түс кезі. Строительный көшесі, 72-үйдің жанынан өте бергенімізде рациядан осы үйдің үшінші қабатындағы 19-пәтерге ұрылар түскені туралы шұғыл хабар жарияланды. Түкең «Екінші кіреберіске тез бұрыл!» – деді. Машинаны тоқтатып үлгерместен бастығым лып етіп түсе қалды да, жүгіре жөнелді. Мен машинаны тоқтатып, жоғары көтерілгенше, Түкең жабық есікті бір теуіп құлатып, ішке кіріп кетті. Ентігіп мен жеткенше, екі ұрының қолын қайырып ұстап тұр.
– Бәтеңкеңнің бауын шеш, – дейді маған. Бәтеңкемнің бауын жылдам ағытып, Түкеңе бердім. Не істер екен деп тұрмын. Түкең екеуінің бармағын түйістірді де, «Мына екі бармақты мықтап байлап таста», – деді. Ол кезде қазіргідей қалтада кісен жүретін кез емес. Менің бәтеңкемнің бауы осылайша кісен қызметін атқарды. Үй ішінде жасырынып тұрған үшінші ұрыны мен ұстадым.
Көп жылдар полицияда адал қызмет атқарған Сағындық Маукилов таяу күндерде 60 жасқа толады. Сағындық әлі қатарда. Облыстық жол сақшылары ардагерлер кеңесінің мүшесі. Қашанда өз тәжірибесін жол сақшыларымен бөлісіп отырады. Адал қызмет пен азаматтық – әр адамның жолдасы, жас ұрпаққа жалғасы болғай!
Жұмағали Қоғабай






