«Energy Solutions Center» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде электр және газ дәнекерлеушілері арасында дәстүрлі «Мамандығының үздігі» байқауы өтті. Қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыруды, тәжірибе алмасуды көздейтін бұл сайыс кәсіпорында жыл сайын ұйымдатырылып жүр.
Биылғы байқауға алты жұмысшы қатысып, үш кезең бойынша өз білімдері мен біліктіліктерін сынады. Дәнекерлеу саласында еңбек қауіпсіздігі ең басты талап болғандықтан, екі кезеңге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау тақырыптары бойынша тестілеу енгізілді. Қатысушылар теориялық білімдерін дәлелдеп, сонымен бірге, кәсіби қауіпсіздік ережелерін қаншалықты меңгергендерін көрсетті.
Үшінші кезеңде сайысқа қатысушылар практикалық тапсырмаларды орындап, дәнекерлеу ісіндегі шеберліктерін паш етті. Нәтижесінде жүлдегерлер іріктеліп, үздік үштік анықталды. Осылайша І орынды – Ақан Абельдин, ІІ орынды – Аслан Тагиев, ІІІ орынды Валерий Прошкин иеленді.
Биылғы байқаудың жеңімпазы Ақан Абельдин – жиырма жылдан бері дәнекерлеуші болып еңбек етіп жүрген тәжірибелі маман. Ол мұндай жарыстардың кәсіби шыңдалуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Бүгінде дәнекерлеу ісіне көптеген жаңашылдықтар енгізіліп жатыр. Мүмкіндігінше жаңалықты меңгеріп, заманауи талаптардан қалыс қалмауға тырысамын, – дейді Ақан Балғабайұлы.
ІІ орын иегері Аслан Тагиев бұл кәсіпорында 11 жыл еңбек етіп келеді. Бұған дейін Павлодарда өткен ұқсас сайыста да жүлделі орынға ие болған. №18 кәсіптік мектептің түлегі бүгінде 6-шы дәрежелі электр және газ дәнекерлеуші. Отбасылы, үш баланың әкесі.
Валерий Прошкин де – 6-шы дәрежелі маман. Ол байқауға кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында қатысқанын айтты.
Еңбек жарысында ерекшеленген жұмыскерлерге мадақтама қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табысталды: І орынға – 100 000 теңге, ІІ орынға – 50 000 теңге, ІІІ орынға – 25 000 теңге.
Жыл сайын ұйымдастырылатын осындай байқаулар жұмысшылардың кәсіби деңгейін арттырып, еңбекке деген ынтасын күшейтері сөзсіз.
ГҮЛСАНА ҚУАТБАЙҚЫЗЫ








