Жұмысшы мамандықтар жылының ықпалымен елімізде техникалық бағыттағы кәсіптерге деген қызығушылық артып келеді. Өндіріс орындарында сапалы кадрға сұраныс жоғарылаған тұста өз ісін жүрек қалауымен таңдап, еңбекпен шыңдауды көздеген жастар бар. Екібастұз политехникалық колледжінде «Дәнекерлеу ісі» мамандығында білім алып жүрген үшінші курс студенттері Еламан Серікбаев пен Марғұлан Темірғали — сондай жастар қатарынан.
Еламан Серікбаевтың дәнекерлеу ісіне қызығушылығы мектеп қабырғасында оянған. 9-сыныпта болашақ мамандықтарды талқылау барысында ол техникалық бағытты таңдауға түбегейлі шешім қабылдаған. Оның айтуынша, Екібастұз жылу-электр орталығында апат кезінде білікті мамандар тапшылығы сезілгенін естуі де осы мамандыққа ынтасын арттыра түскен.
— Адамдарға пайда тигізу, шығармашылықты, логиканы, үздіксіз үйренуді талап ететіні маған ұнайды, — дейді жас маман. Еламан аргон, жартылай автомат және қолмен доғалы дәнекерлеу түрлерін меңгерген.
— Барлық жабдықтармен еркін жұмыс істей аламын. Өндірістік тәжірибені шеберханада өтіп, қазандық дәнекерлеуге қатыстым. Сол жерде қауіпсіздік техникасын қатаң сақтаудың маңызын толық түсіндім, — дейді ол. Оқу үлгеріміне қоса, Еламан колледждің қоғамдық жұмыстарына да белсенді араласады. Студенттік парламент мүшесі болып, бірнеше байқауға қатысып, «Жұмысшы мамандар апталығы» аясында өткен дәнекерлеу сайысында 1-орын иеленген.
Болашаққа құрған жоспары да айқын. «Оқуды аяқтап, әскерге барып келген соң, өз ісімді тереңірек меңгеріп, біліктілігімді шыңдай түспекпін. Уақыт өте Екібастұздағы ең мықты дәнекерлеушілердің бірі болу — менің басты мақсатым. Осы кәсіпті таңдағалы жүрген талапкерлерге айтарым: өзіңе сен. Арман — адамды алға жетелейтін күш, арман қуған адамның жолы ашық», — дейді Еламан сеніммен.
Ал Марғұлан Темірғали үшін бұл мамандық — отбасылық дәстүрдің жалғасы. Ол 2023 жылы политехникалық колледжге түсіп, бала күнінен қалыптасқан қызығушылығын кәсіби жолға айналдырған.
— Біздің әулет осы салада жұмыс істейді. Ағам – инженер, атам көп жыл цехта еңбек етті. Тіпті сегіз жасымда ағаларым гаражда көліктің бөлшектерін дәнекерлеп жатқан кезде «Адам қалай темірді темірге жалғайды?» деген сұрақ мені таңғалдырған, – дейді ол. Марғұланның оқу процесі де теория мен практиканың үйлесімді жүргізілуіне негізделген. Сабақта металды дайындау, кесу, бөлшектерді дәл қосу сияқты жұмыстарды меңгеріп, кейін цехта бекітіп отырады.
— Қолмен доғалы дәнекерлеу, жартылай автомат және аргон дәнекерлеуін үйреніп жатырмыз. Цехтағы жабдықтар жаңа, желдету жүйесі жақсы, — дейді ол. Студенттер өндірістік тәжірибені 18 жасқа дейін колледж шеберханасында өтсе, кейін ірі өндіріс орындарына жіберіледі екен.
Марғұланның айтуынша, дәнекерлеуші үшін ең негізгі қасиеттер — төзімділік, ұқыптылық және үлкен жауапкершілік. Ол әрбір жұмыстың қауіпсіздіктен басталатынын ерекше атап өтті. «Аппаратты іске қосудан бұрын токты, сымдардың дұрыстығын тексеру қажет. Арнайы қорғаныс киімінсіз жұмыс істеуге болмайды. Бұл — дәнекерлеу ісінің бұлжымас қағидасы», — дейді жас маман. Марғұлан алдағы уақытта кәсіби дәрежесін көтеріп, біліктілігін жетілдіру үшін жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап отыр. Өзімен қатар жүрген жастарға да бағыт-бағдарын айта кетуді жөн көрді: «Жастарға айтарым — оқудан жалықпаңдар. Қандай мамандық таңдасаң да, тоқтамай іздену керек. Үздіксіз еңбектенген адам ғана нағыз шеберге айналады».
Екі студенттің әңгімесі дәнекерлеу ісінің тек қол еңбегі ғана емес, табандылықты, ынта мен шеберлікті қажет ететін ерекше өнер екенін көрсетеді. Олар үшін бұл кәсіп – келешекке бастайтын нық баспалдақ. Елдің индустриялық дамуы дәл осындай өз ісіне адал, еңбекқор, мақсаткер жастармен жүзеге асатыны сөзсіз.
ДІЛНАЗ СЕРІКБАЙ








