Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Атаулы жыл аясында Екібастұз өңірінде жұмысшы мамандар беделін арттыруға және еңбекке құрметпен қарауды қалыптастыруға бағытталған кешенді іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ақмарал Рамазанова аталмыш мәселеге қатысты баяндама жасап, оны «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» директоры Еркін Құсан мемлекеттік жастар саясатының қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы хабарламасымен толықтырды.
Жыл басынан бері 80-нен астам іс-шара өткізіліп, 36 мың адам қамтылыпты. «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» 5 колледж студенттері арасында «Profi Fest» мамандықтар конкурсын өткізіпті. Байқаудың 4 кезеңіне 20 мамандық бойынша 300 студент қатысқан екен. Жеңімпаздар ақшалай сертификаттармен марапатталыпты.
Жастарды жұмысшы мамандықтарын меңгеруге үгіттейтін іс-шаралар қатарына ардагер жұмысшылармен кездесулер ұйымдастыру, қала құраушы кәсіпорындарға экскурсиялар жасау тәрізді шаралар да еніпті. Ал Skills JASTAR көрмелері мен шеберлік сыныптарында колледждер жұмысшы мамандықтары жайлы ақпараттар таратып, студенттер шығарған өнімдер назарға ұсынылған.
«Самғау» орталығында аймақ жастарының қатысуымен «JanaJastarCup» облыстық пікірсайыс турнирі өткізіліп, онда жұмысшы мамандықтарының экономиканы дамытудағы рөлі жайлы әңгіме қозғалған.
Өнеркәсіптік салада жұмыс істеп, есімдері елге танылған еңбек адамдары жастарға үлгі боларлық. Осы орайда, Екібастұз қаласына бірқатар Еңбек Ерлері сапарлап келіп, жастармен кездесулер ұйымдастырылғанын айту ләзім.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» шеңберінде ақпараттық жұмыс өрістетілді. «Ертіс» ТВ, «Ирбис» телеарналарында, «Халық радиосында» хабарлар таратылып, мерзімдік баспасөзде мақалалар жарияланды. Сонымен бірге, қала көшелерінде 9 билборд орнатылып, ЛЭД экран арқылы тақырыптық бейнероликтер көрсетілуде.
Енді алдағы уақытта жас жұмысшы әкелердің арасында «Жас әкелер – отбасы тірегі» форумы ұйымдастырылып,
18 желтоқсанда «Самғау» балалар шығармашылығы орталығында жұмысшы мамандықтар жылы салтанатты шарамен қорытындыланады.
ЖАССЕРІК ЖӘЛЕЛҰЛЫ








